Accessibility links

Орталық Азия дронды көптеп шығара бастады. Санкция қаупі төнбей ме?


Түркиялық Bayraktar TB2 әскери дроны (көрнекі сурет)
Түркиялық Bayraktar TB2 әскери дроны (көрнекі сурет)

Орталық Азия елдері көптеп дрон сатып алып, басқа елдердің көмегімен оларды өндіруді жолға қойды. Оның ішінде әскери мақсаттағы дрондар да бар. Қазақстан Қытай және Түркиямен бірлесіп дрон шығарса, Өзбекстан – Ресейді, Тәжікстан – Иранды, ал ал Қырғызстан – Қытайды басты серіктес еткен. Сарапшылар көбіне аппарат құрастыруға негізделген бұл жобалар аймақтағы қорғаныс саласында үлкен өзгеріс болып жатқанын аңғартады дейді.

Аймақ елдері дронды қайдан сатып алады?

Дронды ұрыс мақсатына қолданатын елдер оншақты жыл бойы ұшқышсыз аппаратты тек АҚШ, Ұлыбритания және Израильден алып келген. Қазір бұл құралдар әлемнің түкпір-түкпіріндегі қарулы қақтығыстарда басты элементтердің біріне айналып. Газа аймағындағы, Ливан мен Сириядағы кикілжіңдерде елеулі рөл атқарып келеді. Ал Украинадағы соғыста олар басқа қарулармен салыстырғанда көбірек шығынға ұшыратып жатыр.

Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азия елдерінде дрон өндірісі ұлттық қорғанысқа жаңа серпін берді.

Анықтама: Дрон деген атаумен танымал ұшқышсыз ұшу аппараттарының басқару жүйесінде айырмашылығы бар. Олар басқару станциясынан не жерден басқарылуы мүмкін немесе толық автономды жұмыс істеуі ықтимал. Мұндай дрондар АСОЛД деген сөзбен белгіленеді. АСОЛД-та нысананы жою туралы шешімді жасанды интеллект қабылдайды. Мұндай жүйелерге тыйым салу мәселесі де қозғалып жатыр.

Дрондарды негізінен арнайы көзәйнек киген адам өзі басқарады. Ұшқышсыз аппараттың кей түрлері алдын ала белгіленген нысаналарға арнайы бағытталады.

Дрон әскери және және азаматтық мақсаттарға пайдаланылады. Дрондар негізінен әуеге ұшырылады, бірақ жерде жүретін және теңізде жүзетін түрлері де бар.

Әскери дрон қарулы және қарусыз болуы мүмкін, олардың кейбірі қалпына келетін болса, кейбірі соққы тигенде өзін өзі жойып жібереді. Оларды кішкентай жәндіктен бастап ұшаққа дейінгі түрлі көлемде жасайды.

Америкалық RQ-4B Global Hawk әскери дроны
Америкалық RQ-4B Global Hawk әскери дроны

Әлемдегі ең үлкен дрон – америкалық RQ-4 Global Hawk, оның салмағы 14 тонна. Қытайда жақында ең шағын шпион дроны шығарылды. Кәдімгі масаны көшірмесі көрінетін бұл дронның салмағы небәрі 0,3 грамм.

– Дрондар жаппай тарай бастаған кейінгі кезге дейін Орталық Азиядағы бес елдің үшеуі ғана қанаты қозғалмайтын ұшақтарды басқарып, өз авиациясын ұстап тұруға қауқарлы болды. Көп ел ескірген совет тікұшақтарына қарап қалған. Ұшақтар өте қымбат: сатып алу, қызмет көрсету, пайдалану – бәрі көп шығынға түседі. Дрондар мұны түп-орнымен өзгертті, – деді Орталық Азияны зерттеу бойынша Oxus Society-дің қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі сарапшысы Майкл Хиллиард.

Аймақта бұл сала әлі де кенже дамыған. Ниет көп болғанымен, әлі бірде-бір ел жаппай өндіріс бастаған жоқ. Негізінен басқа елдерден алынған дрондар қолданылып жатыр.

Майкл Хиллиардтың айтуынша, қазір дрондардың ең көп түрі Қазақстанда бар. Онда Түркия, Қытай, Израиль, Ресей, АҚШ және Қазақстанның өзінде шығарылған аппараттар бар. Елде өндірілген дрондардың көбі басқа елдермен бірлескен бағдарлама аясында әзірленген.

Қырғызстанның Түркия, Қытай, Ресейде шыққан дрондары бар, өздері де дрон өндірісін енді бастап жатыр. Тәжікстанның арсеналында Ресей, Қытай, АҚШ және Ираннан алған аппараттар бар. Ал Түркіменстанда Түркия, Қытай, Израиль, Беларусь, Италия, Ресей, Германия және кей деректер бойынша, АҚШ-та шыққан құралдар бар.

Өзбекстанда құрастырылған Lochin дроны (видеодан скриншот)
Өзбекстанда құрастырылған Lochin дроны (видеодан скриншот)

– Өзбекстандікі – ең амбициялы ұстаным. Олар Түркия, Қытай, Израиль, АҚШ, Ресей, Иран дрондарын және өздерінде шыққан құралдарды (қос мақсаттағы Lochin дроны – ред.) қолданады. Бұл жүйелердің кейбірі тікелей коммерциялық сатып алу жолымен жеткізілсе, бір бөлігі мемлекетаралық әріптестік және бірлескен бағдарлама аясында жасалған. Қазақстанның инфрақұрылымы анағұрлым дамыған әрі капиталы да көп болғанымен, өз ұшқышсыз ұшақтарын шығару бойынша Ташкент көбірек саяси ерік-жігер мен стратегиялық сенімділік көрсетіп отыр, – деді Oxus Society сарапшысы.

Қорғаныс өнеркәсібі нарығы және стратегиялық талдау бойынша сарапшы Дерек Бисаччоның айтуынша, аймақта коммерциялық тұрғыда ең көп пайдаға кенелген ел – Түркия. Орталық Азияның үш елі – Түркіменстан, Қырғызстан және Өзбекстан Bakyar Makina компаниясының "Байрактар ТБ2" (орта биіктікке ұшатын атқыш дрондар) жүйесін, ал Қазақстан Turkish Aerospace Industries-тің көп нысананы көздейтін Anka дрондарын қолданады.

Аймақта Түркиядан дрон алмаған жалғыз ел – Тәжікстан.

Әр елдің арсеналында неше ұшқыш аппарат бары нақты айтылмайды.

– Аймақ елдерінің үкіметтері, әдетте, дрон импорты бойынша деректерді жарияламайды. Ал "Байрактар Акынжы" сияқты ірі жүйелердің әдетте бірнеше данасын ғана алады, – деді Бисаччо.

Қай ел өз дронын шығарады және оның салдары қандай?

Сонымен бірге аймақ елдері Ресейден үлгі алып, өз дрон өндірісін жолға қоюға күш салып жатыр. Мәскеу Ираннан Shahed-136 камикадзе-дрондар технологиясын сатып алып, сыртына "Герань-2" деген өз атауын жапсырып, өз аумағында шығара бастаған.

Ресей армиясы Украинаға жойқын шабуыл жасау үшін бұл аппараттарды жиі қолданады. Кейде олар азаматтық нысандарды қиратып жатыр.

Әуе техникалары көрмесінде тұрған түркиялық ANKA әскери дроны. Стамбұл, 20 қыркүйек, 2018 жыл.
Әуе техникалары көрмесінде тұрған түркиялық ANKA әскери дроны. Стамбұл, 20 қыркүйек, 2018 жыл.

Қазақстан өз аумағында Түркиямен бірлесіп дрон құрастыратынын 2022 жылғы мамырда мәлімдеген. 2023-2024 жылдары әскерилер дайындықтан өтті. Жоспар бойынша, 2024 жылы Таразда Anka ұшқышсыз аппараттары шығарыла бастауы керек еді. Алайда 2025 жылдың ортасы болса да өндіріс басталды деген ақпарат болмады.

2025 жылғы қаңтарда Yesil Technology Company компаниясы (2020 жылы негізі қаланған қытайлық Shaanxi Kaizhuo Electronic Technology-дың еншілес кәсіпорны) Қазақстанда ауылшаруашылық дрондарын шығаруға 12 миллион доллар бөлмек деп хабарланған. Қытай дереккөздерінің жазуынша, бұдан бөлек компания импортқа тәуелділікті азайту үшін Қазақстанның өз ішінде шикізат өндірісін жолға қойып, өндірістен бастап қолдануға дейінгі барлық процесті өзі жүзеге асыруды жоспарлаған. Бастапқы кезеңде компания дайын бөлшектерден айына 300 дронға дейін құрастыруды көздеген.

Oxus Society сарапшысы Майкл Хиллиардтың айтуынша, бұл Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге салынған санкция мәселесіне алып келеді.

– Дронның он бөлігінің тоғызы Қытайда жасалып, соңында Қазақстанда жиналатын болса, шыққан өнімге "Қазақстанда жасалған" деген белгі соғуға болады. Бұл ресми түрде жабық нарықтарға, соның ішінде Ресейге жол ашады. Бұл стратегия әсіресе ауыр квадрокоптер сияқты қос мақсатта пайдаланылатын дрондарға қолдануға ыңғайлы, өйткені оларды ауыл шаруашылығына да, әскери мақсаттарға да бейімдеп қолдануға болады, – деді Хиллард.

Қытайдың Wing Loong II әскери дроны. Қытай, Гуандун провинциясы, 28 қыркүйек, 2021 жыл.
Қытайдың Wing Loong II әскери дроны. Қытай, Гуандун провинциясы, 28 қыркүйек, 2021 жыл.

Ал Өзбекстанда дронды ресейлік "Транспорт будущего" компаниясы өндірмек. Ауыл шаруашылығына қажет аппараттар шығарылады деген жоспар бар. Ресейдің Белгород облысында 2021 жылы тіркелген компания ұшқышсыз аппараттарға бөлшектер, соның ішінде аккумулятор жасайды.

Бастапқы кезеңде Өзбекстанда 100 млн доллардың ұшқышсыз аппараттарын шығару жоспарланған. Сарапшының айтуынша, күдік туғызуы мүмкін жайт та осы.

– Мұндай модель санкцияларды айналып өтетін жасырын саудаға жол ашуы мүмкін. Мәселен Өзбекстандағы ауқымды ауылшаруашылық жұмыстары аясында Ресей ресми түрде азаматтық салаға арналған, бірақ кейін әскери мақсатқа пайдаланылатын дрондарды алып отыруы мүмкін. Көп жағдайда ұшықшсыз аппараттардың модульдік құрылымына байланысты мұндай тасымалды құқықтық тұрғыда бақылау мүмкін емес, – деді Майкл Хиллиард.

Иранмен серіктестік орнатқан Тәжікстанға қатысты да осындай күдік туған. 2022 жылы тәжік оппозиционері Мұхиддин Кабири Украина басылымына берген сұхбатында Ресей Тәжікстан арқылы Иранның Shahed ұшқышсыз аппараттарын алуы мүмкін деген. Ол сол кезде кейін бұл дрондар Украинаға шабуыл жасауға пайдаланылуы ықтимал деп топшылаған. Украин журналисі Дмитрий Гордон да осындай мәлімет айтты.

Кейін Тәжікстан сыртқы істер министрлігі мұны жоққа шығарып, Тәжікстан әскери техниканы үшінші елдерге бермейді деп мәлімдеген.

Иранның Ababil-3 дроны
Иранның Ababil-3 дроны

Тәжікстан шынымен де Иран дрондарын өндіруді жолға қойған. Бірақ олар Shahed емес, Ababil-2 шығарады. Біріншісі салыстырмалы түрде жаңа техника болса, екіншісі 1980-жылдардан бері өндірілетін құрал. Иран оларды 1980 жылдары Иран-Ирак соғысына пайдаланған.

Өндіріс көлемі күрт артып, дрондар Тәжікстаннан тыс аймақтарға, соның ішінде тұрақсыздық жайлаған жерлерге жіберіле бастаса, санкция қаупі артуы мүмкін. Әзірге бұл аппараттар экспортталыпты не соғыс жүріп жатқан жерлерден табылыпты деген жария ақпарат жоқ.

Қырғызстанда қытайлық Zhongtian ZhiControl компаниясы өндірісті (нақтырақ айтсақ, құрастыруды) бастауы керек. Жоба құны – шамамен 11 миллион доллар. Дрон зауыты құрамына көлік құрастыру, лампа және қағаз шығару зауыттары кіретін келісім аясында ашылған.

– Мұндай ынтымақтастық аясында технология толық беріле қоймағанымен, ол саяси тұрғыда тиімді: Қырғызстан Еуразия экономика одағына мүше болғандықтан, қажетті бөлшектерді Ресейге экспорттау оңай, Пекин бұл каналдың қаншалық маңызды екенін түсінеді, – деді Майл Хиллиард.

Ал Түркіменстан дрон шығармайды. Сарапшылар бұл елдегі шағын дрондарды құрастыру орталығы жай имидж үшін жасалған жобаға көбірек ұқсайды дейді.

Дрон және "жергілікті қорғаныс өнеркәсібі экожүйесі"

Қорғаныс өнеркәсібі нарығы бойынша сарапшы Дерек Бисаччоның айтуынша, аймақ елдерінде дрон жинайтын зауыттар салу – армия мен құқық қорғау органдары тарапынан ішкі нарықтағы тұрақты сұранысқа негізделген оң қадам. Ал оларды шетелдік серіктестерге сату анағұрлым қиын.

– Жаһандық деңгейде дрондар нарығы қазірдің өзінде стартаптар мен ірі компанияларға толып кетті. Сондықтан өңірден тыс жерлерге шығу және коммерциялық табысқа жету әлдеқайда қиын. Бәсекелестер тым көп, әрі жаңа өндірушілер күн сайын пайда болып жатыр, – деді Дерек Бисаччо.

Майкл Хиллиардтың айтуынша, Орталық Азия әлемдік үрдістен қалмай келеді: кейінгі уақытта түрлі өңірлердегі қақтығыстарға байланысты әлем елдерінің барлығы дерлік ұшқышсыз ұшу аппараттарын сатып алу бағдарламаларын жеделдеткен.

Қарулы күштер дрондарды барлау және бақылау жүйелерінің басты құралы ретінде, нысанаға дәл соққы беру үшін, қоғамдық тәртіпті қадағалауға (мысалы, митингтерді бақылау, шекараны күзету және контрабанда жолдарын анықтау) пайдаланылатын негізгі құрал ретінде қарастырып отыр.

Азаматтық секторда да сұраныс артып келеді. Сондықтан өндірісті дамыту себептері түсінікті, алайда бұл тәуелділік мәселесін шеше алмайды, өйткені қазіргі жобалардың басым бөлігі әлі де қытайлық авионикаға (ұшақтың барлық электронды жүйелері), ирандық құрылымдарға немесе ресейлік қосалқы жүйелерге тәуелді.

Дегенмен, Хиллиардтың пікірінше, Орталық Азия аймағының халықаралық шектеулерді айналып өтетін нүктеге айналып кету қаупі бар.

– Егер Украинадағы соғыс, Ресейге қарсы санкция жалғаса берсе, Орталық Азия Қытай немесе Иранда өндірілген дрондарды жергілікті жерде жинап немесе қайта орап, оларды шын мәнінде санкцияға іліккен елдерге бағыттайтын жасырын транзит хабына айналуы мүмкін, – деді Хиллиард.

Сарапшының пікірінше, Қытай мен Ресейдің бұл өңірге деген қызығушылығы тек қаржылай мүдделермен шектелмейді.

– Жалпы айтқанда, Мәскеу де, Пекин де бұл аймақты тек салыстырмалы түрде тұрақты әрі өсіп келе жатқан нарық ретінде емес, сонымен қатар экономикалық өзара тәуелділіктің артуы ұзақмерзімді саяси жақындасуға ықпал ете алатын буфер аймағы ретінде қарастырады. Дрон өндіру бойынша бірлескен жобалар бұл державаларға өз ықпалын күшейтіп, жергілікті қорғаныс өнеркәсібі экожүйесіне кірігуге мүмкіндік береді, – деді Oxus Society сарапшысы.

Қытайлық DJI компаниясы шығарған дрон. Монреаль, Канада, 13 қараша, 2019 жыл.
Қытайлық DJI компаниясы шығарған дрон. Монреаль, Канада, 13 қараша, 2019 жыл.

Кейінгі жылдары Орталық Азиядағы компаниялар санкцияларды айналып өтіп, Ресейге дрон жеткізумен айналысқаны байқалды. 2023 жылы халықаралық зерттеушілер тобы қазақстандық "Аспан арба" компаниясы Қытайдың DJI компаниясының 500-ден астам дронын Ресейге экспорттағанын хабарлады. DJI Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бұл елге тауар тасымалдауды тоқтататынын мәлімдеген.

Сол жылы Washington Post басылымы Қазақстан арқылы Қырғызстаннан Ресейге бір жүк көлігімен дрондар жеткізілмек болғанын жазды. Бір дронның бағасы шамамен 14 мың доллар болған. Қытайлық дрондар тасымалдау жапсырмасында тыңайтқыш себуші деп көрсетілгенімен, Ресей үкіметі олардың әскери мақсатта қолдануға жарамды екенін мойындаған.

Кейінгі кезде Украина да ұшқышсыз аппараттармен көп шабуыл жасай бастады. Елдің қарулы күштері іске асырған "Өрмек" операциясы осы қақтығыстағы ең ірі дрон шабуылы болды. Сол операцияның кесірінен Ресей кемі 11 стратегиялық бомбалаушы ұшағынан айырылды. Ресейлік телеграм-арналарда әскери ұшақтарға шабуылдаған дрондар Қазақстаннан жеткізілген болуы мүмкін деген ақпарат тарағаннан кейін ресми Астана бұл операцияға қатысы барын жоққа шығарып, ондай болжамдар негізсіз екенін мәлімдеді.

2024 жылы Wall Street Journal басылымы Орталық Азия әскери мақсаттағы тауарларды жеткізетін дәліз болуын жалғастырып жатқанын жазды. Ол тауарлардың басым бөлігі Қытайдан жеткізіледі, оның ішінде ірі америкалық компаниялар өндірген өнімдер де бар. Компаниялар бұл тауарлар Ресейге еш рұқсатсыз жөнелтіліп жатқанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG