Қазақстанда ұлттық валюта бағамы күрт түсе бастағалы бірнеше апта болған. Өткен жұма, 25 шілде күні Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық нәтижесінде доллар бағамы 544,95 теңгеге барып, жаңа тарихи шекке жетті. Шілденің басынан бері теңгенің құны 5 пайызға жуық арзандаған.
Елдегі ақша айырбастайтын орындарда бір доллар 548-549 теңгеден сатылып жатыр.
Ұлттық банк жетекшісі Тимур Сүлейменов қаржы нарығындағы валюта бағамына сұраныс пен ұсыныс әсер еткен деп түсіндірді.
"Қазір бағамға негізгі қысымды нарық факторлары: бюджет қаражатының белсенді игерілуі, импортты көбірек сатып алу, оған қоса маусымдық дивидендтер төлеу мен туристер сұранысы қалыптастырып отыр. Алыпсатарлар белсенділігін байқамадық – жағдай тұрақты және оны бақылап отырмыз", – деп жазды Сүлейменов Facebook желісінде.
Валюта нарығындағы жағдайға реттеуші орган араласуы керек пе?
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) мамандары теңгенің әлсіреуін макроэкономикалық негіздермен түсіндіру қиын дейді. Сарапшылардың пікірінше, жеке тұлғалар да, нарық ойыншылары да доллар бағасы өсіп кетеді деген болжаммен валюта сатып алуға асықты. Соның нәтижесінде сұраныс ұсыныстан артып, доллар бағамы шарықтап шыға келді деп түсіндіреді олар.
ҚҚҚ талдаушылары Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайға араласқаны, яғни интервенция жасағаны жөн дейді. Олардың пікірінше, қазіргі теңге динамикасын макроэкономикалық негіздермен емес, алыпсатарлық пен дүрлігуге сүйенген мінез-құлық айқындап отыр, сондықтан дәл қазіргі жағдайда Ұлттық банк интервенция жасап, нарыққа нақты белгі беруі керек.
Теңге әлсіреген сайын шетелдік тауарлардың бағасы өседі, бұл өз кезегінде тұтыну инфляциясын күшейтеді, дейді экономистер. Инфляция қысымы базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бермей, керісінше, ұзақ уақыт жоғары деңгейде ұстап тұруға итермелейді. Бұл несие алу құнын арттырып, экономикалық белсенділікке тежеу болады, дейді мамандар.
"Валюта нарығындағы қазіргі қозғалыс нақты экономикалық факторларға емес, эмоциялық және алыпсатарлық ықпалдарға байланысты. Мұндай жағдайда Ұлттық банктің шұғыл араласқаны – нарық тұрақтылығы үшін өте маңызды", – деп мәлімдеді ҚҚҚ талдаушылары.
Сарапшылардың пікірінше, дәл қазір уақытылы және нысаналы интервенциялар ғана валюта нарығындағы сенім дағдарысын тежеуге септесуі мүмкін.
Ұлттық банк басшысының мәлімдемесі
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамын ұстап тұруға валюта интервенциясы көмектеспейтінін айтты.
"Бәзбіреу интервенция жасап, бағамды тұрақтандыру керек дейді. Егер бағам құбылмалы және алыпсатарлық факторлар әсерінен тұрақсыз болса, олай істеу жөн болар еді. Ал бағам нарықтық немесе іргелі факторлар әсерінен біресе жоғарылап, біресе түсіп жатса, интервенция көмектеспейді, тек зиян келтіреді. Негізсіз араласу тұтастай алғанда экономикаға емес, алыпсатарларға тиімді болуы мүмкін екенін түсіну маңызды. Біз ұлттық резервтерімізді ақылмен басқаруымыз керек", – деп мәлімдеді ол.
Ұлттық банк төрағасының сөзінше, экономиканы қолдауға бөлінген қаражат көлемі ұлғайып, бір жылда ақша массасы 18 пайыз өскен. "ЖІӨ және тауар өндірісі ақша ағыны жылдамдығына ілесіп үлгермей жатыр", деді Тимур Сүлейменов.
Өткен аптада Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова кейінгі күндері байқалған бағам ауытқуын экономикалық тұрғыдан негізсіз деп атаған. Оның сөзінше, теңгеге қысым жасалып жатқан жоқ, бұл – маусымдық факторлармен байланысты құбылыс. Жаз мезгілінде туристік сапарлар, импорттық төлемдер күрт көбейіп, шетел валютасына сұраныс дәстүрлі түрде өсетінін еске салған Әлия Молдабекова сыртқы ортада валюта бағамына қысым түсіретін факторлар байқалмайды деген.
Бұған қоса, сыртқы жағдайлар – мұнай бағасы, жаһандық доллар индексі, халықаралық инвесторлардың тәуекелге бейімділігі – теңгеге қысым түсіріп отырған жоқ. Сондықтан Ұлттық банк интервенция жасау қажет деп есептемейді.
"Нарық өзі түзеледі. Егер жағдай бақылаудан шығып, өтімділік тапшылығы пайда болса ғана, біз араласуға дайынбыз", – деген Молдабекова.
Теңгенің болашағы не болмақ?
Ұлттық валюта бағамы кейінгі айда айтарлықтай төмендеп кеткеннен кейін жұртты "бұл жай ғана маусымдық құбылыс па, әлде жүйелі дағдарыс белгісі ме?" деген сұрақ толғандырады.
Кейбір экономистер егер сыртқы экономикалық жағдай өзгермесе, теңге 525-540 теңге аралығында тұрақталуы мүмкін деген болжам айтып отыр.
Алайда сыртқы факторлар – мұнай бағасының төмендеуі, Ресей рублінің күрт әлсіреуі, жаһандық нарықтағы белгісіздік – жаңа толқынға серпін беруі ықтимал дейді сарапшылар. Кейбірі тіпті теңге бағамы 600 теңгеге дейін баруы мүмкін деп топшылайды. Ондай жағдайда Ұлттық банктің интервенция жасаудан басқа амалы қалмайды.
Теңге бағамы – тек нарықтық көрсеткіш емес, ол – елдегі экономикалық сенім мен саясаттың тепе-теңдігіне тәуелді индикатор дейді сарапшылар.
Ұлттық банк жағдайды бақылап отырғанын айтқанымен, нарық қатысушыларына нақты белгі жетпей отыр. Ал ондай белгі – қазіргі дағдарысқа қарсы ең маңызды құрал дейді талдаушылар.
Сарапшы пікірі
Теңгенің құнсыздануының басты себептері қандай? Бағам құбылысы мұнай бағасы, доллар индексі секілді сыртқы факторларға байланысты ма, әлде оған ішкі макроэкономикалық немесе саяси себептер әсер етті ме? Осы және өзге сұрақтарды қазақстандық экономист Бекнұр Қисықовқа қойдық.
– Теңге бағамына ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді. Қазақстан экономикасы көбіне шикізат экспортына тәуелді болғандықтан, әлемдік нарықта баға құлдырайтын болса қазынаға валюта түсімдері азайып, тиісінше, теңге әлсірейді. Бұған қоса, жаһандық экономикалық тұрақсыздық пен АҚШ долларының күшеюі капиталдың дамушы нарықтардан кетуіне түрткі болады. Мемлекеттік қарыздың өсуі, сауда серіктестерінен "импортталған" инфляция – мұның бәрі теңгеге деген сенімді шайқалтып, құнсыздануына алып келеді. Сонымен бірге, әрине, қоғамдағы психологиялық, алыпсатарлық көңіл-күй де валюта нарығындағы бағамның айтарлықтай құбылуына ықпал етеді.
Ал егер сыртқы және ішкі факторларды алатын болсақ, мұнай мен басқа да шикізат бағалары, доллар индексі, сауда серіктестері валютасының әлсіреуі (мысалы, Ресей рублінің), Еуропа мен Қытай экономикасының баяулауы да әсер етеді. Эмоциялық және психологиялық факторлар да өзіндік роль атқарады.
Әлеуметтік желілерде тараған болжамдар мен психологиялық реакциялар, әсіресе сыртқы жағымсыз әсерлер шынымен де теңгенің әлсіреуін үдетуі мүмкін. Алайда сыртқы және макроэкономикалық факторлар – теңге бағамының негізгі қозғаушы күштері ретінде қалады.
– Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығының талдаушылары Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыру үшін интервенция жасауы керек дейді. Ондай қадам дұрыс деп ойлайсыз ба? Егер жағдай осы қарқынмен жалғаса берсе, алдағы уақытта теңгенің болашағы не болмақ?
– Ұлттық банктің валюта интервенциялары – теңге бағамы күрт өзгерген кезде нарықты тұрақтандырудың маңызды құралы саналады. Қаржы интервенциялары нарықтағы дүрбелеңді басып, бағамның құбылуын бәсеңдетуге көмектеседі. Бірақ егер негізгі сыртқы себептер шешімін таппаса, интервенциялардың тиімділігі де шектеулі болады. Анық әрі батыл қадамдардың болмауы халық сенімін одан сайын азайтуы мүмкін.
Әйткенмен теңге ақырындап әлсірей береді деп ойлаймын, бірақ күрт құлдырап кетпес деп үміттенем. Пессимистік сценарий бойынша, жыл аяғына қарай доллар шамамен 540-560 теңге аралығында болуы мүмкін. Бірақ егер мұнай бағасы өссе, бағам бұдан жақсырақ болуы ықтимал.
– Кей сарапшылар доллар бағамы 600 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін деген болжам айтып отыр, бұл қаншалықты негізді?
– Егер сыртқы факторлар дүрбелең туғызса, доллар бағамы 600 теңгеден асып кетуі де ғажап емес. Бірақ бұл өте жағымсыз әрі аласапыран әкелетін сценарий, ондай бола қоймас деп үміттенем.
– Қазіргі жағдайда қарапайым халық қалай әрекет еткені жөн: доллар сатып алғаны дұрыс па, әлде сабыр сақтап, күткен жөн бе?
– Үрейге салынып, валютаны жаппай сатып алу – тиімді стратегия емес. Мұндай кезде байыпты болған абзал: жинақ қаржының бір бөлігін теңге күйінде (жоғары пайызбен депозитте), енді бір бөлігін шетелдік валютада сақтаңыз деген кеңес беріледі.
Депозитте қаржысы бар азаматтар оны дереу алуға асықпағаны дұрыс. Қазір жинақ шотындағы теңгеге төленетін үстеменің мөлшері жоғары (жылдық 17-18,5%), сондықтан жинақ қаржыны бірнеше валютада сақтау, күмәнді схемаларға ақша салудан және "қара нарықтағы" валюта операцияларынан аулақ болу, болашақта доллар жұмсайтын жоспары болса (мысалы, шетелде оқу, шетелге саяхаттау, т.б.), қажет валютаны дүрбелең туған сәтте емес, алдын ала біртіндеп сатып ала берген жөн болмақ.
– Теңгенің осал болуы неліктен? Ұзақ мерзімді перспективада ұлттық валютаны тұрақты ету үшін қандай жүйелі қадамдар жасалуы қажет?
– Экспортқа шығаратын шикізатқа тәуелді болу, шетелдік валютаға (долларға) тәуелділік және бюджеттің осалдығы – теңге әлсіздігін тудыратын себептерге жатады.
Жағдайды өзгерту үшін экспорттық базаны әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту, бюджеттік тәртіп орнатып, инфляцияны төмендету, ашық валюталық саясат жүргізіп, халық сеніміне ие болу қажет. Импортқа тәуелділікті азайту үшін ішкі өндірісті дамыту, импортты алмастыру саясаты мен ұзақ мерзімді өнеркәсіпті ынталандыратын саясатты жүзеге асыру, инвестициялар тарту мен экспортқа бағдар түзеу керек.
– Қаржы нарығында теңгеге сенімді қалпына келтіру үшін үкіметтің я Ұлттық банктің қандай әрекеті мен мәлімдемелері маңызды болар еді?
– Ұлттық банктің мәлімдемелері мен болжамдары айқын, нақты және ашық болуы, сыртқы дүрбелеңдерге жедел реакция танытып әрекет етуі, алтын-валюта резервтерін нығайтуы, Ұлттық қорды басқарудың ашықтығын қамтамасыз етуі, үрейді басу үшін дағдарысқа қарсы тиімді коммуникация орнатуы маңызды болмақ.
Осылайша, теңге девальвациясына шикізатқа тәуелділік, сыртқы дүрбелеңдер мен қоғамның үміті сияқты кешенді себептер әсер етеді. Халықтың ұлттық валютаға деген сенімі биліктің ашық саясаты мен тұрақты макроэкономикалық көрсеткіштерге тікелей байланысты.
ПІКІРЛЕР