ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақ үй: Трамп пен Путин телефонмен сөйлеспейді

"АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путиннің сайлауда жеңгенінен хабардар" деп мәлімдеді Ақ үй баспасөз хатшысының орынбасары Хоган Гидли. Оның айтуынша, Трамп пен Путин телефонмен сөйлеседі деп жоспарланбаған. Трамптың Путинді президент болып сайлануымен құттықтағаны, я құттықтамағаны да айтылмады.
Хоган Гидли "Ресейдегі сайлау еркін әрі әділ болды ма?" деген сауалға жауабында Вашингтон Ресейдегі сайлау нәтижесіне таңғалмайтынын айтты.
14 наурыз күні Дональд Трамп Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэймен телефонмен сөйлескен. Ел басшылары әңгімесінде Ресей билігі Солсбериде ресейлік бұрынғы агент Сергей Скрипаль мен қызына қастандық жасау әрекетіне "анық әрі айқын жауабын беруі тиіс" деген тоқтам жасаған.
Ақ үй Трамп Ресей Бас барлау басқармасының бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен қызы Юлияны жүйке жүйесін зақымдайтын затпен улап өлтірмек болу әрекетіне қатысты Ұлыбритания жүргізіп жатқан тергеуге барынша көмек көрсетуге уәде бергенін мәлімдеген.
Сергей Скрипаль мен қызы Юлия 4 наурыз күні Ұлыбританияның оңтүстігіндегі Солсбери қаласында белгісіз заттан уланып, ауруханаға түскен. Олар содан бері ауруханада ауыр халде жатыр. Британдық тергеушілердің болжамынша, Скрипаль мен қызы СССР тұсында жасалған, жүйкені жансыздандыратын қауіпті химиялық заттан уланған. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров 13 наурызда Скрипальді улауға қатысы барын жоққа шығарған.
Басқа да жаңалықтар
БҰҰ: 2025 жылы Иран өлім жазасына кесілген 612 адамның үкімін орындаған

2025 жылдың алғашқы жартысында Иранда өлім жазасына кесілген кемі 612 адамның үкімі орындалған. Олардың арасында өзге ұлт өкілдерінің үлесі басым. Бұл туралы хабарлаған БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары Фолькер Тюрк осы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Иранды өлім жазасы үкімін орындауға мораторий жариялауға шақырды.
БҰҰ дерегінше, 2024 жылдың алғашқы жартысында өлім жазасына кесілген 297 адамның үкімі орындалған.
"Дәл қазір кемі 48 адам өлім жазасының орындалғанын күтіп отыр, оның ішінде 12 адамның үкімі жақын арада іске асуы мүмкін" деді Тюрк.
БҰҰ дерегінше, өлім жазасы қолданылған адамдардың 40 пайыздан астамына нашақорлық жөнінде айып тағылған. Қалғандарының арасында "Құдайға қарсы келу" айыбы жиі кездеседі. Билік мұндай айыпты әдетте саяси қарсыластарына, өзгеше ойлайтын адамдарға қарсы қолданады.
Фолькер Тюрктің айтуынша, өлім жазасы қаралатын сот процестері көбіне жабық өтіп, адамдардың әділ сотқа деген құқығын бұзып отыр.
БҰҰ мәлімдемесіне қарағанда, Иранның конституция сақшылары кеңесі "қас мемлекетке қызмет ету" анықтамасын ұлғайтатын заң жобасын қарастырып жатыр. Енді заң аясында "тыңшылық жасады", "шетелдік БАҚ-пен сөйлесті", "идеологиямен келіспеді" деген айыптар бойынша да өлім жазасы кесіле бермек. Фолькер Тюрк бұл заң жобасын "қауіпті" деп атап, оны қабылдамауға үндеді.
"Өлім жазасы өмір сүру құқығына қайшы келіп, адамның қадір-қасиетімен үйлеспейді. Иран билігін өлім жазасын алып тастау жөніндегі жаһандық қозғалысқа қосылуға және мұны мораторий жариялаудан бастауға шақырамын" деді Тюрк.
Иран әлемнің ең жабық елдерінің бірі саналады. Human Rights Watch, Amnesty International, Freedom House секілді халықаралық ұйымдар Иранда адам құқығы, соның ішінде әсіресе әйел құқығы, баспасөз еркіндігі қатты шектелгенін айтады.
2022 жылы Иранда Махса Әмини деген студент қыз хиджаб кию талабын орындамады деген айыппен ұсталып, полиция бөлімінде қаза тапқан соң, елде үлкен наразылық толқыны туған. Билік ол наразылықты күшпен жаншыды. Наразылыққа қатысқан мыңдаған адам қамалды.
Еуроодақ Қазақстан көмірін Ресей арқылы тасымалдауға рұқсат етті

Еуропа Одағы Кремльге қарсы санкцияларының 18-топтамасында Қазақстан көмірін Ресей порттары арқылы тасымалдауға қойылған шектеуді алып тастады. Бұл туралы Қазақстан сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәлімдеуінше, мұндай шектеу Еуроодақ санкцияларының 16-топтамасында енгізілген.
"Қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен және Қазақстан Республикасының Еуропалық одақ жанындағы тұрақты өкілдігімен бірлесіп, еуропалық тараппен түрлі деңгейдегі консультациялар жүргізді. Еуропалық комиссияның атына ЕО санкциялық режиміне тиісті өзгерістер енгізу туралы ресми өтініш жіберілді. Келіссөздер нәтижелі болды. ЕО-ның 18-пакет санкциялары аясында Еуропалық тарап қазақстандық көмір транзиті үшін белгілі бір ресейлік порттарымен келісімге шектеуді алып тастады" деді министрлік.
Министрліктің айтуынша, Еуроодақ Қазақстанға бірқатар талап қойған. Мәселен, көмір Қазақстанда өндірілген болуы керек; жүкке меншік құқығы санкцияланған елдердің резиденттерінде болмауы қажет; Ресей порттарын тек транзит, тиеу және жөнелту аумағы ретінде пайдалану қажет, бұл ел аумағында тауарды сатып алуға және өндіруге болмайды.
Сауда және интеграция министрлігінің дерегіне қарағанда, Қазақстан 2022 жылы Еуроодаққа құны 419,2 млн доллар болатын 4,4 млн тонна көмір экспорттаған. 2023 жылы экспорт көлемі 6,1 млн тонна (382 млн доллар), 2024 жылы 5,2 млн тонна (312,5 млн доллар) болған.
Еуроодақ санкцияларының 18-топтамасы шілденің ортасында жарияланды. Бұл топтама: Ресейдің энергетикадан түсетін табысын азайтуды, банк секторы мен әскери өнеркәсіп кешенін әлсіретуді, санкцияларды айналып өтуге қарсы шараларды күшейтуді және Ресейді украин балалары және мәдени мұрасына қарсы қылмысы үшін жауапқа тартуды көздейді.
Осы топтама жариялаған соң, Ресей көлеңкелі флотының санкцияға ілінген кемелерінің саны 444-ке, санкцияға ілінген тұлғалардың саны 2500-ге жетті.
Нью-Йоркте қарулы кісі 4 адамды атып өлтірді

Дүйсенбіде Нью-Йорктің Манхэттен ауданында қаруланған азамат орталықтағы кеңсе ғимаратында жосықсыз оқ атып, төрт адамды мерт қылды. Жапа шеккен бесінші адам ауыр хәлде жатыр. Оқ атқан адам кейінірек өзіне қол жұмсаған.
Оқиға кешкі 6 шамасында, кеңседе жүріс-тұрыс күшейген тұста болған. АҚШ Ұлттық футбол лигасының штаб-пәтері мен Blackstone Group қаржы компаниясы орналасқан ғимаратта атыс болып жатқаны белгілі болған соң, бірнеше көшеде қимыл-қозғалыс тоқтаған. Ғимаратқа кіріп-шығатын есікті бір сағаттан астам уақытқа бұғатталып, полицейлер оқ атушы іздеп жатқан тұста қызметкерлер өз кабинеттеріне тығылған.
Бірнеше сағаттан соң, Нью-Йорк полициясының басшысы Джессика Тиш баспасөз мәслихатын өткізіп, оқ атқан адамның аты-жөні Шейн Девон Тамура екенін айтты. Оның сөзінше, Тамура Невада штатынан өз көлігімен келіп, көлігін Парк-авенюдегі ғимараттың тұрағына қойған да, ғимараттың вестибюлінде жартылай автоматты винтовкадан ескертусіз оқ атқан. Ол ең әуелі ғимарат күзетінде істеген полицей мен екі адамды атып өлтіріп, кейін лифтімен ғимарат иесінің басшысы отыратын 33-қабатқа көтерілген де, дәлізде жүріп жосықсыз оқ жаудырған. Салдарынан бір әйел мерт болған. Полиция келгенше Тамура өзін өзі атып өлтірген.
Оның бұл қадамға не себепті барғаны белгісіз. Джессика Тиштің айтуынша, ол бұл істі бір өзі жасаған. Оның көлігінен оқтаулы алтыатар және оқтар табылған. Тамураның психикалық ауруы бар деген ақпарат тарап отыр.
Қаза тапқан полицей – 36 жастағы Дидарул Ислам. Артында екі ұлы және жүкті әйелі қалды.
Санкт-Петербург билігі мигранттарға жалға алынған көлікпен жұмыс істеуге тыйым салды

Санкт-Петербург губернаторы Александр Беглов қалада мигранттардың такси жүргізуіне және жалға алынған жеңіл көліктермен жұмыс істеуіне тыйым салды.
Бұл тыйым Бегловтың 28 шілде күнгі қаулысында көрсетілген және ол 2025 жылдың аяғына дейін жалғасады, деп жазды "Фонтанка" басылымы баспасөз қызметінің хабарына сүйеніп.
– "Ресей Федерациясындағы шетел азаматтарының құқықтық мәртебесі" туралы федералдық заңның 18.1-бабы 6-тармағына сәйкес Санкт-Петербург губернаторы патент негізінде еңбек ететін шетел азаматтарын жеңіл такси мен жүргізушісі бар жалға алынған жеңіл көліктер саласында жұмысқа тартуға тыйым салу туралы шешім қабылдады, – делінген баспасөз хабарламасында.
Құжат қол қойылғаннан 10 күн өткенде күшіне енеді. Жұмыс берушілер үш ай ішінде мигрант көлік жүргізушілермен келісім-шартты үзуі керек. Билік осылайша көлік қызметінің "сапасы мен қауіпсіздігін арттырамыз" деп отыр.
Еңбек және жұмыспен қамту комитеті шараның Санкт-Петербургтегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға әсерін бағалап, Бегловқа тыйымды келесі жылға ұзарту-ұзартпау жөнінде ұсыныс беруі қажет.
Мигранттардың Ресей аумағында көлік жүргізу мүмкіндігін шектейтін мұндай шара 2025 жылғы мамыр айында талқылана бастаған. "Настоящее Время" эфирінде сөз сөйлеген экономист Николай Кульбака бұл тыйым такси және жеткізу қызметінің бағасын арттырады деген.
"Бейбітшілікті күшпен орнатуға болады". Украина президенті Трампқа алғыс айтты

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трампқа дүйсенбіде жариялаған шешімі үшін алғыс айтты. 28 шілде күні Трамп Шотландияда журналистермен сөйлесіп, Путинге Украинамен бітімге келу үшін берілген 50 күндік мерзімді 10-12 күнге дейін қысқартатынын айтқан.
"АҚШ президентінің айқын ұстанымы мен нақты шешімі дәл қазір өте маңызды, себебі қазір шынайы бейбітшілікке күш арқылы ғана қол жеткізуге болады. Президент Трампқа адамдарды аман алып қалуға және бұл сұм соғысты тоқтатуға деген талпынысы үшін алғысымды білдіремін. Шынымен де, бейбітшілікке тек табандылық пен қатал қадамдар арқылы жетуге болады. Біз мұны бірнеше рет айттық. Санкциялар негізгі тетік екенін барлық серіктестеріміз біледі. Ресей санкцияларды, экономикалық шығындарды есепке алады. Бейбітшілікті күшпен орнатуға болады" деп жазды Зеленский әлеуметтік желіде.
14 шілде күні Трамп Путинге Украина бітім жасасу үшін 50 күн беретінін, әйтпесе Ресейге және оның энергетикалық ресурстарын сатып отырған елдерге қойылған баж салығын күшейтетінін айтқан. Дүйсенбідегі сөзінде ол "Путиннен көңілі қалғанын", бұдан әрі күтудің "мәні жоқ" екенін мәлімдеді.
Трамптың сөзінен кейін Ресей қор нарығында құлдырау байқалды. Путин осы екі апта ішінде АҚШ басшысының сөзі жайлы еш пікір білдірмеді.
Трамп Путинге берген мерзімін 10-12 күнге дейін қысқартты

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинге бітім жасасу үшін берілген мерзімді 10-12 күнге дейін қысқартатынын мәлімдеді. Бұл шешім Ресейдің Украинаға үздіксіз шабуылдары тоқтамай тұрған тұста қабылданды.
28 шілде күні Шотландиядағы Тернберриде журналистермен сөйлескен Трамп Путиннен "көңілі қалғанын, Мәскеуге Киевпен бітім жасасу үшін берілген 50 күндік мерзімді күтуді мәні жоқ екенін айтты".
"Бүгіннен бастап 10-12 күнге ұласатын жаңа мерзім белгілеймін" деді Трамп Ұлыбритания премьер-министрі Кеир Стармермен кездесу барысында. "Біреумен ұзақ уақыт жұмыс істесең, оның не істеп, не қоятынын білесің. Мен [Путинге] мүмкіндік бердім. Ол оны пайдаланбай отыр".
14 шілдеде, бастапқы 50 күндік мерзімді жариялау кезінде, Трамп Ресейге "өте қатаң баж салығын" енгізетінін айтып, тіпті Ресейдің энергия ресурстарын сатып алатын елдерге де шара қолдануға болатынын меңзеген. Енді қысқартылған жаңа мерзімді жариялай отырып, ол: "Бәлкім, біз Ресеймен әлі де келісімге келетін шығармыз. Бірақ бәрі де кеш болмақ", — деді.
Өткен жұмада АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Трамптың Мәскеуге деген "төзімі таусылып" бара жатқанын, мұның салдары ауыр болатынын ескерткен.
Украина Трамптың бұл мәлімдемесіне жылы қабылдады.
"АҚШ президенті Дональд Трампқа оның табанды ұстанымы мен айқын мәлімдемесі үшін алғысымызды білдіреміз. Бейбітшілік тек күш арқылы келеді" — деді Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Telegram-да. "Президент Трамп Путинге берген мерзімді қысқартатынын айтты, өйткені жауап анық. Путин тек күшті ғана түсінеді, бұл хабар қазір нақты және қатты айтылды. Бұл — Украина президенті Владимир Зеленский де толық қолдайтын ұстаным", — деді Ермак.
Ресей билігі әзірге Трамптың бұл сөзі жайлы пікір білдірмеді.
Украина мен Ресей делегациялары 23 шілдеде бейбіт келіссөздердің үшінші кезеңі аясында кездесті. Бұл келіссөздер 16 мамырда басталғанымен, айтарлықтай ілгерілеу болмаған.
"НеМолчиKZ" жетекшісі Динара Смайыловаға Черногорияда саяси баспана берілді

Қазақстандық белсенді, "НеМолчиKZ" қоғамдық қорының жетекшісі Динара Смайылова (Дина Таңсәрі) және оның жолдасы Алмат Мұхамеджановқа Черногорияда саяси баспана берілді. Бұл жөнінде оның атынан сотқа қайырылған "Азаматтық альянс" ұйымы хабарлады.
Ұйым таратқан хабарламада "Ұзақ та күрделі рәсім аяқталды, енді Динара Смайылова мен Алмат Мұхамеджанов Черногорияда қауіпсіз ортада өмір сүре алады" делінген.
"НеМолчиKZ" — тұрмыстық және сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесумен айналысатын үкіметтік емес ұйым. Ерлі-зайыптылар Черногориядан саяси баспана беру туралы өтінішті екі жыл бұрын берген.
Биыл 14 сәуірде Астананың сұрауы бойынша Смайылова Черногорияда ұсталған. Қазақстанда оның үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалып, оған іздеу жарияланған. Ертеңінде Подгорица қаласындағы сот Смайылованың паспортын алып қалып, өзін бостандыққа жіберген. Қазақстандық Смайылованың адвокаты Далибор Томович оны экстрадициялау туралы өтінішті қарау тоқтатылғанын, өйткені Черногория билігі Смайылованың саяси баспана беру туралы өтінішін қарап жатқанын хабарлады.
Қазақстан Бас прокуратурасының мәлімдеуінше, Динара Смайылованың үстінен "көрінеу жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұқпау ережесін бұзу, алаяқтық" баптары бойынша 6 қылмыстық іс қозғалған. Оған "НеМолчиKZ" қоры арқылы заңсыз ақша жинап, бұл қаржыны жеке мақсатына жұмсады деген айып тағылған.
Смайылова бұл айыптарға келіспейді. Мамыр айында Азаттыққа берген сұхбатында ол бұл істер ойдан құрастырылған деген.
Дина Таңсәрі деген атпен көбірек танылған Динара Смайылова Қазақстаннан 2021 жылы кеткен. Ол екі жылдай Грузияда тұрған, алайда қысқа уақытқа сыртқа шыққан оны сол елдің шекара қызметі қайта кіргізуден бас тартқан. Оның айтуынша, Грузияның мұндай шешім қабылдауына Қазақстан билігі ықпал еткен, себебі "НеМолчиKZ" қоры елдегі зорлық-зомбылықтың ауқымын көрсетіп, полицияның қауқарсыздығын әшкерелейді. Ол 2023 жылдан бері Черногорияда тұрады.
Саяси тұтқын Жыланбаевтың жағдайы туралы жазбадан соң құқық қорғаушыны полицияға шақыртқан

Қазақстандық құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Алматы қаласы Алмалы ауданының полиция басқармасына "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша шақыртылды. Бұл туралы құқық қорғаушы өзінің Facebook-парақшасында жазды.
Төреғожинаның айтуынша, әкімшілік іс қозғауға саяси тұтқын әрі марафоншы Марат Жыланбаевтың денсаулығы нашарлап кеткені жайлы жақында жазған жазбасы себеп болған. Ол жазбада Төреғожина Жыланбаевты "терісінің түсі өзгерген, есінен танып қала жаздайды", салмағы 45 келіге дейін кеміп кеткен деп сипаттаған. Алайда бұл ақпаратты кейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) теріске шығарып, құқық қорғаушыға "жалған ақпарат таратқаны" үшін жауапқа тартылатынын ескерткен.
"Жыланбаевқа қатысты сұрақтарға анық жауап берудің орнына олар тағы да жалған жазып отыр! Маратты ешкім қарамайды, мекеме фельдшері оған көмектесе алмайды. Ал осыдан кейін ҚАЖК маған қоқан-лоққы жасағысы келе ме? Мен сіздерден тек шындықты сұрап отырмын!" — деп жазды Төреғожина. Ол өз жазылушыларын пікірлерде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты белгілеуге шақырды, себебі "елде қолмен басқарылатын жүйе орнаған, ал Жыланбаевтың тағдырын шешетін жалғыз адам – президент" деп жазған.
61 жастағы Марат Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған ультрамарафоншы ретінде көпке танылған. Ол тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясының бастамашыл тобының жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы қарашада Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған. Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды деумен келеді.
2025 жылғы қаңтар айында Азаттықтың Youtube-арнасында журналист Сания Тойкеннің "Марафоншы" атты деректі фильмі жарияланды. Онда 2023 жылдан бері түрмеде отырған супермарафоншы әрі оппозициялық белсенді Марат Жыланбаев жайлы баяндалады.
Хакерлер "Аэрофлот" жүйесін бұзғанын мәлімдеді. Қырықтан астам рейс ұшпай қалды

Ресейдің ең ірі әуе компаниясы – "Аэрофлот" дүйсенбі, 28 шілде күні таңертең 40-тан астам әуе рейсі тоқтатылғанын хабарлады. Компания мұны ақпараттық жүйелердегі ақауға байланысты деп түсіндірді. Украинаны қолдайтын, Silent Crow және "Киберпартизаны BY" деп аталатын хакерлік топтар "Аэрофлот" жүйесіне жасалған шабуылды мойнына алатынын айтқан.
"Аэрофлоттың" негізгі хабы – Мәскеудегі Шереметьево әуежайында жолынан қалған адам көп жиналып қалған. Телеграм-арналардың мәліметінше, ондаған рейстің тоқтатылуына байланысты жүздеген жолаушы Мәскеуден ұша алмай, әуежайда қалып қойған.
"Аэрофлот" өкілдері ұшпай қалған рейстің билетін қайтарғысы немесе айырбастағысы келген жолаушылар колл-орталыққа хабарласып, солар арқылы ғана билетті қайтара/айырбастай алады деп хабарлады. Әуе компаниясы тоқтатылған рейстердің жолаушыларына Шереметьеводан шығып кетіңіздер деп өтініш айтты.
Кестеде көрсетілген уақытта Екатеринбург, Челябинск, Ставрополь, Минеральның воды, Санкт-Петербург және Ресейдің басқа да қалаларына, оған қоса Минск пен Ереванға жолаушы апармақ болған ұшақтар жолынан қалған.
Әуелгіде "Аэрофлот" 42 жұп әуе рейсі, ал кейін тағы жеті рейс тоқтатылғанын хабарлады. Сонымен қатар, Калининградтағы Храброво әуежайынан ұшпақ болған бірнеше рейс тоқтатылғаны жайлы ақпарат бар.
"Аэрофлот" ақпараттық жүйелердегі ақаудың нақты себебін айтқан жоқ. Компания "мамандар тобы ұшу жоспарының орындалуына байланысты қауіп-қатерді азайту және түрлі сервистердің әдеттегі жұмысын тезірек қалпына келтіру үшін жұмыс істеп жатыр", – деп мәлімдеген. Мұны "Настоящее Время" телеарнасы хабарлады.
Ал Silent Crow және "Киберпартизаны BY" топтарының хакерлері "Аэрофлоттың" корпоративтік желісіне еніп, барлық маңызды деректеріне бұзып кіргенін – ұшу тарихы, кадрлық бақылау жүйелері мен ішкі телефон әңгімелерінің жазбаларына қол жеткізгенін мәлімдеді. Олар әуе компаниясының мыңдаған сервері жойылып, маңызды корпоративтік жүйелерінің бәрі бұзылғанын, оған қоса компания басшылығының дербес компьютерлеріне бақылау орнатқанын айтты.
“Бұл ресурстардың бәрі қазір ашылмай тұр немесе жойылған. Оларды қалпына келтіру үшін ондаған миллион доллар қажет болуы мүмкін. Стратегиялық залал келтірілді", – делінген Silent Crow тобы атынан жарияланған мәлімдемеде.
"Аэрофлот" бұл мәлімдемелерге байланысты әзірге пікір білдірген жоқ.
Silent Crow бұған дейін "Росреестр"-дің деректер базасын бұзғаны үшін де жауапкершілікті мойнына алған.
Өткен аптада және оның алдындағы аптада "Аэрофлот" пен басқа да бірқатар әуе компаниялары өз рейстерін украиналық дрон шабуылы қаупіне байланысты тоқтатқан немесе кейінге сырғытқан еді. Мәскеу әуежайларында бірнеше рет ұшып-қонуға шектеулер енгізілген болатын.
Астраханда тұрғын үйдің бір бөлігі опырылып түсті

28 шілде күні Ресейдің Астрахан қаласының орталығында, Ляхов көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің бір подъезді жартылай опырылып, құлап түскен, деп хабарлады Азаттықтың Орыс қызметі. Оқиға орнына барған төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) қызметкерлері тұрғындарды апат болған үйден эвакуациялауға кіріскен. Зардап шеккендерді іздестіру шаралары да жүргізіліп жатыр.
ТЖМ мәлімдеуінше, бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейінгі аумақта бірнеше пәтер опырылып түскен. Құтқарушылар қазір үйінділерді қолмен аршып жатыр. Оқиға орнында 80-нен астам адам жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады төтенше жағдайлар қызметі.
Азаттықтың Орыс қызметінің мәліметінше, бұл тұрғын үй осыдан бес жыл бұрын апатты деп танылып, көктемде сүрілуге тиіс болған. Алайда онда нақты неше адам тұрғаны белгісіз. 1962 жылы салынған көпқабатты үйде барлығы 24 тұрғын пәтер бар. Оған қоса ғимаратта ветеринарлық клиника орналасқан.
- Өткен жұма күні Ресейдің Саратов қаласында да дәл осындай оқиға болған еді: тұрмыста пайдаланылатын газ жарылып, салдарынан он қабатты тұрғын үйдің бір подъезі опырылып түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, жеті адам қаза тауып, 16 адам әртүрлі жарақат алған.
- 2024 жылдың басындағы жағдай бойынша, Ресейде бір миллионнан астам адам апатты жағдайда деп танылған үйлерде тұрып жатқаны тіркелген. Тергеу комитетінің сол кездегі мәліметінде олардың үштен бірі осындай үйлерде бес жылдан астам уақыттан бері өмір сүріп жатыр деп көрсетілген.
(жаңалық толықтырылады)
Таиланд пен Камбоджа басшылары Малайзияда келіссөз жүргізіп жатыр

Малайзияның әкімшілік орталығы Путраджая қаласында Таиланд пен Камбоджа өкілдері арасында келіссөз өтіп жатыр. Өткен аптада Оңтүстік-Шығыс Азиядағы бұл екі мемлекет арасында шекара дауына байланысты қарулы қақтығыс тұтанған еді. Қос тарап та қақтығыс кезінде беренді техника, дүркіндете ататын қару жүйелері мен әскери авиацияны қолданды. Қақтығыс салдарынан ондаған адам қаза тапқаны белгілі.
Келіссөзге қарамастан, дүйсенбі күні – осымен бесінші күні қатарынан қарулы қақтығыс жалғасты.
Малайзияның араағайындығымен ұйымдастырылған кездесуге АҚШ пен Қытай елшілері де қатысып отыр. Малайзия премьер-министрінің резиденциясында өтіп жатқан келіссөзге Таиланд пен Камбоджа үкімет басшылары қатысып жатыр.
Камбоджа премьер-министрі Хун Манет мәлімдегендей, келіссөздің басты мақсаты – "қарулы қақтығысты дереу тоқтатуға қол жеткізу". Ол бұл кездесуге АҚШ президенті Дональд Трамп мұрындық болғанын айтты. Демалыс күндері Трамп бір-бірімен қақтығысып қалған екі елдің басшыларымен телефонмен сөйлескен. Таиланд премьер-министрінің міндетін атқарушы Пхумтам Вечаячай келіссөз басталар алдында бейбітшілікке ұмтылатынын, бірақ Камбоджаның "ниеті шынайы екендігіне" күмәні барын айтқан.
Екі мемлекет те 24 шілдеде басталған қақтығыстың өршуіне бірін-бірі айыптап жатыр.
Таиланд пен Камбоджа арасындағы шекаралық аумақтар мен онда орналасқан, буддистер қасиетті санайтын ғибадатханаларға байланысты дау-дамайлар бір ғасырдан астам уақытқа созылып келеді. Бұл дау-дамайлар ХХ және ХХІ ғасырларда оннан астам соғысқа себеп болған.
Ресей Киев, Кропивницкий және Староконстантинов қалаларын атқылады

28 шілдеге қараған түні Ресей әскері Украинаға әртүрлі типтегі зымырандармен және дрондармен шабуыл жасады. Зымырандардың бір бөлігін стратегиялық авиация ұшақтарынан ұшырған. Ресей жағы Киевке және Кропивницкий қаласына шабуылдаған. Украина әуе күштерінің және мониторинг жүргізуші арналардың мәліметінше, шабуылдың негізгі нысанасы – Хмельницкий облысындағы Староконстантинов қаласы болған. Ол қалада әскери аэродром орналасқан.
Түн мезгілінде үш мәрте әуе дабылы жарияланды.
Киевте дрон шабуылы салдарынан Дарница ауданында сегіз адам зардап шеккен, олардың арасында үш жасар бала да бар деген ақпарат тарады. Киев қаласы әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченконың хабарлауынша, ресейліктердің әуе шабуылынан көпқабатты тұрғын үй зақымданған.
Кропивницкий қаласында, жергілікті биліктің дерегінше, кемінде тоғыз жарылыс дыбысы естілген. Қалаға дрондар шабуылдаған. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.
Украина әуе күштерінің мәліметінше, 27 шілде, жексенбінің кешінен бастап Ресей Украинаға жиынтығы 324 дрон, 4 қанатты зымыран және 3 "Кинжал" типті аэробаллистикалық зымыранмен шабуыл жасалған. 15 дрон мен 2 зымыранды әуеден атып түсіру мүмкін болмаған. Дегенмен, дыбыстан да ұшқыр "Кинжал" зымырандары көздеген нысаналарға жете алмады деп хабарлады Украина жағы. Үш жерде нысанаға дәл тигені тіркелген, бірақ нақты қай жерде екені әзірге айтылмай отыр.
Ресей әскері әзірге бұл шабуылдар жөнінде түсініктеме берген жоқ. Ресейлік әскери телеграм-арналар да негізгі шабуыл бұрын да бірнеше рет нысанаға алынған Староконстантиновқа қаласына жасалған деп хабарлады.
Германияда жолаушы пойызы апатынан бірнеше адам қаза болды

Германияның оңтүстік-батысында 27 шілде, жексенбі күні кешке болған теміржол апатынан бірнеше адам қаза тауып, тағы бірнеше кісі жараланған. Бұл туралы осы елдің ақпарат құралдары – Bild басылымы мен dpa агенттігі хабарлады.
Schwäbische Zeitung газетінің мәліметінше, темір жолда болған апат салдарынан кемінде үш адам көз жұмып, 50-ден астам адам жараланған.
Хабарларға қарағанда, төтенше оқиға Баден-Вюртемберг федералды өңірінде, орманды және қыратты аймақта орналасқан Ридлинген қаласы маңында болған. Жолаушы пойызы Зигмарингеннен Ульм қаласына кетіп бара жатқан. Штутгарт қаласы федералды полициясының мәліметінше, Deutsche Bahn компаниясына тиесілі аймақтық экспресс пойызының екі вагоны рельстен шығып кеткен. Пойызда шамамен 100 қаралы жолаушы болған.
Интернетте тараған фото және видео материалдардан апат болған жерде құтқарушылар жұмыс істеп жатқаны байқалады. Түн мезгілінде жергілікті құтқару қызметінің басшысы Шарлотта Циллер баспасөз өкілдеріне пойыз апаты болған жердегі құтқару жұмыстары аяқталғанын айтты деп хабарлады ВВС.
Пойыз апатқа ұшырағанға дейін ол жерде қатты дауыл тұрған. Соның салдарынан рельс табанындағы үйілген топырақ қопарылып, пойыздың темір жолдан шығып кетуіне себеп болуы мүмкін деген болжам айтылып отыр. Әзірге апаттың себебі жайлы ресми ақпарат жоқ.
Австрия сыртқы істер министрі "бейтараптық өздігінен қорғамайтынын" айтты

Австрияның сыртқы істер министрі Беате Майнль-Райзингер Ресейдің агрессивті саясаты барған сайын күшейіп жатқан шақта ел ішінде НАТО-ға кіру мүмкіндігі жайлы болып жатқан пікірталасты "пайдалы" деп атады. Алайда ол қазіргі кезде австриялықтардың басым көпшілігі елдің Солтүстік Атлантикалық одаққа қосылуына қарсы екенін мойындады.
"Бір нәрсе анық: бейтараптық – бізді өздігінен қорғай алмайды. Халықаралық жағдай барған сайын тұрақсыз болып жатқан кезде және Ресейдің агрессиясы күшейіп жатқан шақта Австрияны шын мәнінде қорғай алатын нәрсе – бұл еліміздің қорғаныс қабілетіне және серіктестік қарым-қатынастарға салынатын инвестициялар. Жалпы алғанда Австрияның қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы болашағы жайлы қоғамдық пікірталас бастауға өте ашықпын. Қазір парламентте де, халық арасында да НАТО-ға кіруді көпшілік қолдап отырмаса да, мұндай пікірталас өте пайдалы болуы мүмкін", – деді министр Die Welt басылымына берген сұхбатында.
"Егер біз ешкімге тиіспесек, бізге де ешкім тимейді" деп жайбарақат шалқайып жата алмаймыз. Олай істеу аңғалдық болар еді... Біз ортақ еуропалық қауіпсіздік пен қорғаныс саясатын қолдау үшін қаржылай, әскери қатысу жағынан және саяси тұрғыдан қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Осылайша, Австрия 1995 жылы Еуропа одағына кіргеннен бері бейтарап мәртебесі айтарлықтай өзгеріске ұшырады", – деді Беате Майнль-Райзингер.
Австрия 1955 жылы одақтастар әскері елден шығарылғаннан кейін бейтарап ұстанымдағы мемлекет болатынын жариялаған. Осы мәртебесі ел Конституциясында да бекітілген. Оған қоса, Австрия НАТО-мен "Бейбітшілік үшін әріптестік" бағдарламасы аясында ынтымақтастық орнатқан.
Мәскеуден Пхеньянға тікелей әуе рейсімен ұшақ бірінші рет ұшты

Жексенбі, 27 шілде күні Мәскеудің Шереметьево әуежайынан Солтүстік Корея астанасы Пхеньянға алғашқы тікелей әуе рейсімен ресейлік Nordwind авиакомпаниясына тиесілі Boeing-777 ұшағы сапарға шықты, деп хабарлады ТАСС агенттігі. Ұшақ 29 шілде күні Ресейге оралады деп жоспарланған.
Ресейдің Азаматтық авиация агенттігі (Росавиация) шілде айының басында Nordwind компаниясына Солтүстік Кореяға ұшуға рұқсат берген. Мәліметке сәйкес, "тұрақты сұраныс қалыптастыру мен рейстердің толық жүктелуін қамтамасыз ету мақсатында" Мәскеу мен Пхеньян арасына айына бір рет ұшақ қатынасы болады.
Пхеньян мен Владивосток арасында да тікелей рейстер бар, бірақ ол екі араға Солтүстік Кореяның Air Koryo әуе компаниясы ұшағы ұшады. Оған билет Солтүстік Кореяға экскурсиялық саяхат аясында ғана сатылады.
27 шілде – 1953 жылы Солтүстік және Оңтүстік Корея арасындағы үш жылға созылған соғысты тоқтату туралы бітім күшіне енген күні. Солтүстік Корея бұл күнді "Жеңіс күні" ретінде атап өтті. Ел басшысы Ким Чен Ын мерекелік шараларға қатысып, сөзінде Ресейге де тоқталды. Ол Ресей "антиимпериалистік күреске" қатысып жатыр деп мәлімдеді. Солтүстік Корея сарбаздары Курск облысында Ресей әскері құрамында Украина қарулы күштеріне қарсы соғысқа қатысқан.
Былтыр Ресей мен Солтүстік Корея 2020 жылы пандемияға байланысты тоқтатылған жолаушы пойызы қатынасын қайта жандандырған.
2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Еуроодақ елдері, АҚШ және басқа да бірнеше мемлекет Ресейге қарсы салған санкциялар аясында тікелей әуе қатынасын тоқтатты. Қазір Еуропаға тек үшінші елдер – көбіне Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері немесе Әзербайжан арқылы ғана жетуге болады.
Солтүстік Корея Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығын ашық түрде қолдады және Ресеймен стратегиялық әріптестік (іс жүзінде – әскери одақ) туралы келісім жасасты.
ПІКІРЛЕР