25 шілдеде Астананың қылмыстық істер жөніндегі сотында Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға үкім оқылды. Сот Перизат Қайратқа - 10 жыл түрме, анасы Ғайни Алашбаеваға 7 жыл түрме жазасын тағайындады. Бұған қоса, Перизат Қайрат пен анасынан 50 жәбірленушіге 1,5 млрд теңге өндіріп алынады.
Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева қайырымдылыққа деп жиналған 3,5 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырған деген айып тағылған.
Бұған дейін прокурор соттан Қайратқа 10 жыл, ал анасына 8 жыл түрме жазасын беруді сұраған.
Екеуі де тағылған айыпты мойындаған жоқ. Сот отырыстарының бір бөлігі жабық өтті.
Жұма күні сотталушылардың соңғы сөзіне ақпарат құралдары жіберілмеді. Журналистер үкімді ғана тыңдай алды. Олар сот залынан бөлек залға орнатылған монитордан үкімді тыңдады.
Сот үкіміне сәйкес, Перизат Қайраттан Vela Village қалашығындағы жеке үй, «Akbulak Riviera», «Sensata Plaza», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер, «Mercedes-Benz S450», «Lexus LX 600» «Mercedes-Benz EQE 500 4 matic», «Haval H6 GT» көліктері, «Rebel Flowers» компаниясының жарғылық капиталы, 97 млн теңге және 22 мың доллар тәркіленбек.
Қорғау жағы 25 шілдеде соттан кейін үкімді апелляцияға беретінін айтты.
Перизат Қайрат 2024 жылдың қараша айында ұсталды. Оған бастапқыда көктемгі тасқыннан зардап шеккен адамдарға көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңгеден (3 миллион доллардан) астам қаржыны жымқырған деген айып тағылды.
Тергеу болжамы бойынша, ол ақшаға Астанадағы төрт қымбат тұрғын үй кешенінен пәтерлер, Mercedes-Benz S450, Lexus LX-600 және Haval маркалы қымбат көліктер мен басқа да бағалы бұйымдар сатып алынған.
Кейін оған тағы бір айып тағылып, Қайрат Палестинаға көмек ретінде жиналған 200 миллион теңгеден (шамамен 400 мың доллар) астам қаражатты да жымқырған деген күдікке ілінді.
Соттағы сөзінде прокурор айыпталушылар Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева жиынтығы 1 миллиард теңгеден астам ақшаны заңды айналымға енгізіп, мүліктің бір бөлігін үшінші тұлғалардың, соның ішінде туыстарының атына рәсімдеген деп мәлімдеді. Мысалы, Палестина тұрғындарына деп жиналған қаржының бір бөлігі Rebel Flowers гүл саудасы дүкенін сатып алу жолымен заңдастырылған дейді тергеушілер.
Перизат Қайрат өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартып, оларды "тергеушілердің қиялы" деп атады.
"Бұл келтіргендері негізсіз деп есептеймін. Тергеушілердің қиялы үшін мен жауапты емеспін. Мынадай негізсіз айыпты мойындамаймын. Болашақта нақты дәлелдермен өзімді қорғаймын", – деді ол сотта.
Қоғамда резонанс тудырған Перизат Қайраттың ісі бойынша тергеу, одан кейін сот болып жатқан шақта Қазақстан билігі "Қайырымдылық қызмет туралы" заңға өзгертулер енгізуді қолға алды.
Ұсынылып отырғандардың арасында қайырымдылық қорларын аккредиттеуден өтуге міндеттеу, төтенше жағдай кезінде әкімдіктер белгілеген ұйымдар ғана қаражат жинай алады деген тәртіп енгізу, ал өз бетінше рұқсатсыз қаражат жинаған жеке адамдарға айыппұл салу тәрізді өзгертулер бар.