Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотталғандардың бірі түрмеден босап шықты

16 жастағы Шерзат Полат

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотталғандардың бірі түрмеден босап шықты. Бұл жөнінде сотта жәбірленуші жақты қорғаған адвокат Мейірман Шекеев хабарлады. Оның сөзінше, сотталушылардың бірі Думан Ысқақ бірінші инстанцияда шыққан үкімге сәйкес, өз жазасын өтеп қойғандықтан 23 шілде күнгі сот қаулысымен қамаудан босаған.

Бірінші инстанциядағы үкім бойынша кәмелетке толмаған Думан Ысқақ «ауыр қылмысты хабарламағаны үшін» 1,5 жылға сотталған еді.

Шекеевтің сөзінше, Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша апелляциялық сот 18 шілде сағат 11-де Алматы облыстық сотында өтеді.

  • 5 маусымда Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың қазасына байланысты сот аяқталған. Сот "Адам өлтіру", "Адам өлтіруге оқталу", "Бұзақылық" баптары бойынша айыпталған Абзал Шынасылды 23 жыл түрмеге кесті. "Адам өлтіруге оқталу" және "Бұзақылық" бабымен айыпталған Равиль Сакиев 20 жылға сотталды. Азамат Тоқтаубаев – 15 жылға, Нұрқияс Ілиясов – 9 жылға, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Дидар Қалиахмет, Нұрбол Тоқтаубаев 7 жылға түрмеге кесілді. Бұларға "Бұзақылық" бабымен айып тағылған. Кәмелетке толмаған Думан Ысқақ "қылмысты хабарламады" деп бір жарым жылға сотталған. Сотталушылардың басым бөлігі апелляциялық шағым түсірді.
  • Былтыр күзде Талғардағы 16 жасар Шерзат Полаттың өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырған. Шерзаттың қазасынан кейін марқұмның отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Оған дейін Шерзаттың туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен. Әлі күнге дейін орган тарабынан үйді кім өртегені айтылған жоқ.
  • Шерзат қаза тапқан оқиға кезінде оның қасында болған, пышақтан жарақат алған немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев былтыр қараша айында Полаттың отбасы тұратын Азат ауылының сырт жағында өлі табылды. Полиция "ол өзіне қол жұмсаған" деп хабарлады. Туыстары бұған күмән келтіреді. Бұл іс бойынша тергеу жалғасып жатқаны хабарланды.
  • Талғардағы оқиғадан кейін жергілікті бірнеше шенеунік қызметінен босатылды. Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бақыров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов "қадағалау жұмысындағы елеулі олқылықтары үшін" қызметтен алынды. Талғар қаласының әкімі Бақыт Күнішбеков пен оның орынбасары Сағындық Матан да "қызмет міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін" лауазымынан босатылды. Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев та қызметінен алынды.
  • Әлеуметтік желіде Шерзаттың өліміне "Талғардағы қылмысқа жүгенсіз кеткен "Хутор" бандасының қатысы бар" деген ақпарат тараған. Алайда полиция мұндай топ барын жоққа шығарған еді. Аудан тұрғыны Хасан Қасымбаев әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған әлгі ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған хабар таратпауды сұрап мәлімдеме жасаған. Қарашада Қасымбаев 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілініп, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Топ болып адам өлтіру көрініп тұрса да…" Шерзат Полат ісінің үкімі әділ болды ма?