"Саяси тұтқын" Жыланбаевтың жағдайы туралы жазбадан соң құқық қорғаушыны полицияға шақыртқан

Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Қаңтар оқиғасы туралы "Ескертусіз қасақана оқ ату" баяндамасын көпшілікке таныстырып отыр. Алматы, 5 маусым, 2023 жыл.

Қазақстандық құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Алматы қаласы Алмалы ауданының полиция басқармасына "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша шақыртылды. Бұл туралы құқық қорғаушы өзінің Facebook-парақшасында жазды.

Төреғожинаның айтуынша, әкімшілік іс қозғауға құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" тізіміне қосқан марафоншы Марат Жыланбаевтың денсаулығы нашарлап кеткені жайлы жақында жазған жазбасы себеп болған. Ол жазбада Төреғожина Жыланбаевты "терісінің түсі өзгерген, есінен танып қала жаздайды", салмағы 45 келіге дейін кеміп кеткен деп сипаттаған. Алайда бұл ақпаратты кейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) теріске шығарып, құқық қорғаушыға "жалған ақпарат таратқаны" үшін жауапқа тартылатынын ескерткен.

"Жыланбаевқа қатысты сұрақтарға анық жауап берудің орнына олар тағы да жалған жазып отыр! Маратты ешкім қарамайды, мекеме фельдшері оған көмектесе алмайды. Ал осыдан кейін ҚАЖК маған қоқан-лоққы жасағысы келе ме? Мен сіздерден тек шындықты сұрап отырмын!" — деп жазды Төреғожина. Ол өз жазылушыларын пікірлерде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты белгілеуге шақырды, себебі "елде қолмен басқарылатын жүйе орнаған, ал Жыланбаевтың тағдырын шешетін жалғыз адам – президент" деп жазған.

61 жастағы Марат Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған ультрамарафоншы ретінде көпке танылған. Ол тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясының бастамашыл тобының жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы қарашада Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған.

Соттың ұйғармы бойынша Жыланбаев: "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан. Сонымен қатар, Әблязов пен және оның шетелдегі штабымен байланыс орнатып, олардың Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді көздейтін тапсырмаларын орындаған. 2021 жылы Жыланбаев М.Т. қоғамға қауіпті салдарды түсіне отырып, Әблязовтың тапсырмасын орындап, Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, "ҚДТ" ұйымының қызметін насихаттаған. 2022-2023 жылдары Жыланбаев М.Т. "ҚДТ" қызметінің экстремистік сипатын біле тұра, басқа адамдармен сөз байласып, оған ақпараттық, қаржылық және өзге де көмек көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұйымды қаржыландыруға және оған қосылуға шақырған". Сот оны қоғамнан оқшаулап қана түзетуге болады деген ұйғарымға келген.

Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

Your browser doesn’t support HTML5

«Бәріне төземін». Жыланбаев түрмеден хат жазды

2025 жылғы қаңтар айында Азаттықтың Youtube-арнасында журналист Сания Тойкеннің "Марафоншы" атты деректі фильмі жарияланды. Онда 2023 жылдан бері түрмеде отырған супермарафоншы әрі оппозициялық белсенді Марат Жыланбаев жайлы баяндалады.