Reuters: Қазақстан мұнайын Қара теңіз арқылы экспорттау қайта жанданды

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) шетел танкерлеріне Қара теңіздегі порттарға кіруге рұқсат бере бастады, осылайша Қазақстан мұнайын экспорттау шамамен бір күндік үзілістен кейін қайта жанданды. Бұл жөнінде төрт дереккөзге сүйенген Reuters жазды.

Ақпарат агенттігінің жазуынша, уақытша үзіліс әлемдік мұнай тасымалын шамамен 2% қысқартып, бейсенбі күні мұнай баррелін шамамен 70$-ға дейін қымбаттатқан, кейін мұнай бағасы қайта түскен.

Бұған дейін Ресей билігі енгізген жаңа ережелерге байланысты Қазақстан мұнайын Қара теңіздегі ресейлік порттар – Новороссийск пен Оңтүстік Озереевка арқылы экспорттау уақытша тоқтатылғаны жөнінде ақпарат пайда болған еді. 21 шілдеде Ресей президенті Владимир Путин қол қойған шетел кемелерін ресейлік порттарға кіру үшін ФСБ-дан рұқсат сұрауға міндеттейтін заң күшіне енген.

Қазақстан энергетика министрлігі 24 шілдеде түске қарай Қара теңіз арқылы қазақстандық мұнай экспорты тоқтатылмағанын, бірақ Балтық теңізіндегі Усть-Луга порты бойынша келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеген.

БАҚ-тың жазуынша, тамыз айында Ресейдегі КҚК терминалынан тәулігіне 1,66 миллион баррель КҚК-Blend мұнайы экспортталады деп жоспарланған, бұл шілде айындағы жоспардан іс жүзінде айырмашылығы жоқ.

Бұған дейін Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тасымалдау дрон шабуылына қатысты күрделенген еді. Биыл ақпанда Ресейдің Краснодар өлкесіндегі "Кропоткинская" мұнай айдау станциясына түскен дронның кесірінен мұнай айдайтын жабдық бұзылған. Оны жөндеуге бірнеше ай кеткен. Дрон шабуылын Украина мойнына алған. КҚК сол шабуыл кесірінен 18 млрд теңгедей шығын келді деп мәлімдеп, халықаралық сотқа жүгінетінін айтқан.