Ресей билігі енгізген жаңа ережелерге байланысты Қазақстан мұнайын Қара теңіз арқылы экспорттау уақытша тоқтатылды деп жазды дереккөздерге сүйенген Reuters. Жаңа ереже шетелдік мұнай танкерлеріне Қара теңіздегі негізгі порттарда тауар тиеуге тыйым салады, бұл АҚШ-тың энергетикалық алпауыттарына ішінара тиесілі консорциум тасымалдайтын Қазақстан мұнайының экспортына іс жүзінде тосқауыл қойған.
Reuters жазуынша, шетелдік кемелердің порттарға бара алмауының салдарынан әлемдік мұнай тасымалы шамамен 2% қысқаруы мүмкін. Мұндай шешім Ресейдің мұнай экспортына қысымды үдетуді көздейтін Еуроодақтың жуырдағы Мәскеуге қарсы санкциясынан кейін қабылданып отыр. Ол Қазақстан мұнайының басым бөлігін халықаралық нарыққа тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумына (акционерлерінің арасында Chevron мен ExxonMobil да бар) қосымша қиындық туғызып отыр.
Дүйсенбі күні Ресей президенті Владимир Путин шетел кемелерін ресейлік порттарға кіру үшін ФСБ-дан рұқсат сұрауға міндеттейтін заңға қол қойған.
Каспий құбыр консорциумы мен Ресей жағы әзірге түсініктеме бермеді. Reuters дереккөздерінің бірі порттардағы мәселе алдағы бір-екі күнде шешіліп қалар деп үміт білдірген.
Ал Қазақстан энергетика министрлігі 24 шілдеде түске қарай Қара теңіз арқылы қазақстандық мұнай экспорты тоқтатылмағанын, бірақ Балтық теңізіндегі Усть-Луга порты бойынша келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеді.
«Усть-Луга портындағы жағдайға қатысты көлік инфрақұрылымы нысанының қауіпсіздігін арттыру бойынша қосымша шаралар енгізілуіне байланысты «ҚазТрансойл» «Нева құбыр компаниясымен» келіссөз жүргізіп жатыр» деп хабарлады энергетика министрлігі.
БАҚ-тың жазуынша, тамыз айында Ресейдегі КҚК терминалынан тәулігіне 1,66 миллион баррель КҚК-Blend мұнайы экспортталады деп жоспарланған, бұл шілде айындағы жоспардан іс жүзінде айырмашылығы жоқ.
Бұған дейін Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай тасымалдау дрон шабуылына қатысты күрделенген еді. Биыл ақпанда Ресейдің Краснодар өлкесіндегі "Кропоткинская" мұнай айдау станциясына түскен дронның кесірінен мұнай айдайтын жабдық бұзылған. Оны жөндеуге бірнеше ай кеткен. Дрон шабуылын Украина мойнына алған. КҚК сол шабуыл кесірінен 18 млрд теңгедей шығын келді деп мәлімдеп, халықаралық сотқа жүгінетінін айтқан.