Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Краснодар өлкесінде "теракт әзірлеу ісі" бойынша өзбек азаматы ұсталғанын хабарлады. Бұл жөнінде ТАСС және РИА Новости жазды.
Арнайы қызметтің хабарлауынша, ол "халықаралық террористік ұйымның тапсырмасымен" аймақтағы "мұнай өңдеу өнеркәсіп нысанында теракт жасамақ болған". ФСБ "нысан" деп мұнай өңдеу нысанының жатақханасын айтып отыр, ер адам оны өртеу үшін "Молотов коктейлін" пайдаланбақ болған деп айтылады.
Видеожазбаны ол "халықты қорқыту үшін" интернетте жариялап, бұдан кейін халықаралық террористік ұйымға қосылу үшін Ауғанстанға кетуі керек болған деді ФСБ.
Ұсталған азаматқа қатысты "террористік ұйымның ісіне араласу" және "теракт әзірлеу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот оны тергеу изоляторына қамады.
2025 жылдың басынан бері ФСБ қызметкерлері "терроризмге қатысы бар" делінген Орталық Азиядан барған бірнеше адамды өлтірген. Ақпан айында Ресей арнайы қызметі "Псков вокзалын жармақ болды" деген бірнеше адам өлтірілгенін хабарлаған. Бұлар бұрын шайханада істеген Тәжікстан азаматтары Парвиз Рустамов, Джовид Джумаев және Азизжон Азамкулзаде болып шықты. Наурызда "еврейлер жиналатын орында және Мәскеу метро станцияларының бірінде өзін жармақ болған" Орталық Азиядан барған бір азамат өлтірілген.
Мәскеудегі "Крокус сити холл" концерт залындағы терактіден кейін (Ресей билігі терактіні Тәжікстанның бірнеше азаматы ұйымдастырды деп мәлімдеген) Ресей шетел азаматтары мен еңбек мигранттарына қатысты саясатты күрт қатайтқан. Бұған қоса, тәртіп сақшылары «Орыс қоғамы» ұлтшыл ұйымының өкілдерімен бірлесіп, базарларда, мешіттерде, моншаларда, дәмханаларда рейд жүргізіп жатыр.