Түрмедегі Марат Жыланбаевтың видеосын көрген белсенділер оның әбден арып, қу сүйегі қалғанын айтып отыр. Жыланбаевтың жағдайына байланысты дабық қаққан құқық қорғаушы оған тәуелсіз журналистер мен құқық қорғаушыларды кіргізуді және оның суретін көрсетуді талап етті. Ал қылмыстық-атқару жүйесі комитеті "Жыланбаевтың жағдайы мүшкіл" деген ақпаратты жоққа шығарды.
25 шілдеде көкшетаулық белсенділер Назгүл Жүсіпова мен Дәметкен Бейсембаева облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне барып, Марат Жыланбаевты онлайн режимде камерадан көрсетуді талап еткен. Белсенділердің сөзінше, департаментте облыстағы тұтқындардың барлығын онлайн режимде камерадан көрсетіп отыратын бөлме бар.
Белсенділерге әуелі "Жыланбаевтың туысы емессіздер" деген департамент өкілдері ақыры олар "айқай-шу шығармасын" деп сабырға шақырып, "тікелей режимнен жазылған видеоны" көрсетуге келіскен.
Жыланбаевты видеодан көрген белсенділер оны танымай қалғанын, оның құр сүлдері қалғанын айтып, шошығанын жеткізді.
"Қызметкер өзінің телефонына тікелей эфирден видео түсіріп әкелді. Жыланбаевтың арқасынан түсірілген видео екен. Ол камераға арқасынан қарап бірдеңе жазып отыр немесе жәй үстелде отыр. Біз оны мүлде танымай қалдық. Себебі ол бір уыс болып қалған. Екінші видео алдынан түсірілген. Видеоны жақындатып қарадық – ол бізбен бірге болған Жыланбаев емес. Себебі оның бетінің түсі табиғи болатын. Ал мұнда оның құр сүлдері қалған. Беті қара-сұр болып қошқылданған. Шынтақтары өте арық. Жағдайды өте мүшкіл. Видеоны ұлғайтып, көрдік, шошып қалдық" дейді Назгүл Жүсіпова Азаттыққа.
Оның сөзінше, әуел баста "Жыланбаевтың жағдайын бақылауда ұстап отырмыз" деген департамент өкілдерімен әңгіме барысында олардың белсендінің жағдайынан бейхабар екені байқалған. Олардан Жыланбаевтың салмағы мен бойын сұраған кезде нақты айта алмаған. Артынша камерадан қарап келген қызметкер "көзбен шамаласақ, 57 келі" деп айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Марат Жыланбаевтың адвокаты белсенді түрмеде аузын тіккенін хабарлады"Оның 57 келі болуы мүмкін емес. Себебі 57 келі салмағы барларда қандай да бір иық болады. Ал оның жағдайы түрмеден шыққан кездегі Арон Атабектің жағдайына жақын қалған...Бұдан кейін [облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы міндетін атқарушы] Берік Бакулин "ал енді қорытынды жасайық" деді. Ол жерде тіпті қорытынды жасайтындай ештеңе де жоқ, сөз жоқ. Адамды сондай жағдайға жеткізген..." деді Назгүл Жүсіпова.
Департамент өкілдері Жыланбаев өзінің салмағын өлшетуге және дәрігерлердің де кіруіне рұқсат бермегенін де айтқан. Жүсіпованың пікірінше, билік "Жыланбаев ешкімге сенбейді, ештеңе жазбайды" деген нәрсені пайдаланып, оны сондай жағдайға жеткізіп отыр.
Ол қазір белсенділер Жыланбаевтың құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаға сенімхат беруіне қол жеткізуге тырысып жатқанын, сол кезде оның жағдайы туралы шынайы ақпарат алуға болатынын айтады. Ал адвокаттарының мүмкіндіктері шектеулі.
"ЖЫЛАНБАЕВТЫ КӨРСЕТІҢДЕР!"
Құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті Бақытжан Төреғожина 25 шілдеде түрмеде ұзақ уақыттан бері аштық жариялап жатқан Жыланбаевтың салмағы 45 кг болып қалғанын, жүруден қалғанын жазды.
Бұған дейін ол Жыланбаевқа тәуелсіз журналистер мен құқық қорғаушыларды кіргізуді талап еткен. Ол өзін Жыланбаевқа кіргізуді сұрап өтініш те жазған, соттасқан да. 26 шілдеде ол Жыланбаевтың суретін көрсетуді талап етті.
"Маратқа дереу медициналық көмек көрсетіп, күштеп тамақтандыруды талап етеміз! "Жыланбаев өз еркімен аштық ұстап жатыр және оның өміріне жауапты емеспіз" деп айтудың қажеті жоқ... Мараттың суретін дереу жариялау керек, "Жыланбаевтың жағдайы қалыпты" деген ҚАЖК-ның шын айтып отырғанына көз жеткізіміз келеді" деп жазды құқық қорғаушы.
Оның сөзінше, жағдайдың ушыққаны соншалықты қазір оның адвокаттары да қысымға ұшырап отыр. Оларды түрмеге кіргізген кезде барлық заттарын тәркілеп, өздерін қатты тексереді. "Жалған ақпарат таратты" деп әкімшілік баппен жауапқа тартуға тырысады. (Бұған дейін Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев өзіне қарсы "жалған ақпарат тарату" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалғанын айтқан еді – ред.)
26 шілдеде Азаттық Марат Жыланбаев отырған Степногорскідегі N4 мекемеге хабарласты. Өзін Аманжолов деп таныстырған қызметкер "мекемеде бүгін басшылықтан ешкім жоқ екенін, дүйсенбі күні хабарласу керектігін" айтты.
Ал қылмыстық атқару жүйесі комитеті сенбі, 26 шілдеде Жыланбаевтың жағдайы туралы ҚазТАГ агенттігіне жіберген жазбаша жауабында белсендінің жағдайы "қалыпты" екенін жазған.
"Сотталушы Жыланбаев үкіммен келіспей, тамақ ішуден бас тартатыны туралы арыз берді. Ал бейнебақылау камерасындағы жазбаларға сәйкес, ол су, шәй, компот ішіп, таңертең дене шынықтырумен айналысады. Денсаулығы орташа деп бағаланады. Сотталушы медицина қызметкерлерінің тұрақты бақылауында. Жекелеген жазбалардағы "оның салмағы 45 келі" деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Жыланбаевты ҚАЖД басшылығы, бақылаушы органдар мен құқық қорғау ұйымдарының өкілдері бірнеше рет қабылдады. Оған құқық қорғау жөніндегі уәкіл түсініктемемен хат жолдаған», - деп жазылған сенбі күні ҚАЖК-ның агенттікке жіберген жауабында.
Адвокаттар Марат Жыланбаевқа келесі аптада кіріп шығатынын айтып отыр.
62 жастағы марафоншы, оппозиция белсендісі түрмеге түскелі бері 9-рет аштық жариялап отыр. Оның алдыңғы аштығы 42 күнге созылса, соңғысын сол аштықты тоқтатқаннан кейін небәрі бес күннен кейін қайта бастаған.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, Жыланбаевтың аштық жариялау себебі әр кезде әрқалай болғанмен ҚАЖК үнемі "үкімге наразы" деумен келеді. "Олар тіпті соның өзіне де бас қатырғылары келмейді" дейді.
2023 жылы қарашада Астана соты Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен. Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.
Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды деумен келеді.
Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға шақырып келеді. International Partnership for Human Rights ұйымы Жыланбаевқа бұлдыр әрі нақты емес тұжырымдармен тағылған айыптар оның бейбіт оппозициялық қызметі үшін кек алу мақсатында қозғалған деп мәлімдеген.