"Жұрт өзге ұлтқа қарсы пропагандаға сылқия тойып алған". Ресейдегі ксенофобия мигранттарға қалай әсер етіп жатыр?

Украинада соғыс басталғалы бері Ресейде мигранттарға қарсы көңіл-күй күрт күшейді. Репрессиялық заңдар қабылданып, шенеуніктердің өшпенділік сипаттағы риторикасы күшейді.

Мигранттардың балаларын мектепке қабылдау қиындады. Бүкіл елде мигранттар көп шоғырланған аудандар мен мекемелерде жаппай рейд жүріп, онда адамдарды күштеп ұстайды.

Көші-қон саясаты бойынша сарапшылардың айтуынша, бұл Ресейдегі жалпы көңіл-күйге де әсер етіп жатыр. Ксенофобия Ресейде бұрын да болған, бірақ соғыс тұсында ерекше байқалып, қарқын ала бастаған.

Ресейге Тәжікстан, Өзбекстан және Украинадан барған адамдар ұлтына бола алалауға кезіккенін: тұрмыстық нәсілшілдік пен адамның ар-намысына ниетін лақап аттан бастап, славян болмағаны үшін полиция тексеруінен көз ашпау, айналасындағы адамдардың дөрекі қарым-қатынасы сияқты жайттарды баяндады.

"Мұндай қорлауды әлемнің ешбір елінен көрмедім"

Сухроб (есімі өзгертілген) Тәжікстанда дүниеге келіп, орыс мектебінде оқыған. 2005 жылы ол ата-анасымен бірге Ресейдің Ханты-Мансийск автономды өлкесіне қоныс аударған.

"Тәжікстанда мектепке менімен бірге орыстар да, грузиндер де, осетиндер де, украиндар да барды. Ешкім саған саусағын беземейтін — ұлтың, бет-жүзің, сөйлеуің маңызды емес болатын. Мұның барлығына алғаш рет Ресейдегі мектепте тап болдым", – деп еске алады ол.

Бастапқыда мектепте ол бұған аса мән бермепті. Сыныптастары оған ұлтына бола тиісіп, кейде айтқан жаман сөздерінің мәнін де түсінбеген. Мұның бәрі кездейсоқ емес, жүйелі мәселе екенін кейін білген.

"Мектептен кейін колледжге түстім. Ол жақта да сондай қарым-қатынас болды. Және бір топта бірге оқитындар ғана емес, оқытушылар жағы да солай еді. Екатеринбургтегі университетте де сол нәрсе қайталанды. Мысалы, бізде "қылмыстық-процестік құқық" пәні болды. Оқытушы мені көре сала лекцияны "қазір бұл жөнінде айта алмаймын, себебі арамызда қауіпті адам отыр" деп бастайтын", – деді ол.

Жасы ұлғая келе Сухроб тұрмыстық ксенофобия барлық салаға еніп, сіңіп кеткеніне көз жеткізген. Полицияның құжаттарды үнемі тексеретіні, баспананы жалға беруден бас тарту – көбі славян еместерге баспанасын жалға бергісі келмейді.

Ресейде ксенофобия ресми құжаттарда да көрініс табады және мигранттар ғана емес, Ресей құрамындағы республика азаматтары да сондайға тап болады. Мысалы, "Система" жобасы 2024 жылы қарашада Мәскеудегі гигиена және эпидемиология орталығы клиниг қызметі туралы техникалық хабарламасында "қызметкер орыс тілін білуі керек және славян өңді болуы шарт" деп жазып қойғанын анықтаған. Ал 2018 жылы Мәскеудегі "Ритуал" мемлекеттік бюджеттік мекемесі кондиционер орнату бойынша тендерді орындаушыға жіберген жауабында "өткізу режимінің шарты: тек славян ұлты өкілдері болсын" деп жазып қойған.

Сухроб белгілі бір шақта осындай жайттардан әбден мезі болып, еліне оралған. Жуырда ол Мәскеудегі жиенін көру үшін Ресейге тағы барған.

"Шошыдым. Біз Жуковский әуежайына ұшып келдік, оны әуежай деп атаудың өзі қиын, үлкен көкөніс қоймасына көбірек ұқсайды. Бейтарап аумақта Тәжікстаннан келген 8-9 рейстің жолаушыларын: әйелдер, қарттар, балалар мен студенттерді өткізбей, ұстап тұрды. Біздің ұшақ сағат бесте қонуы керек болған, ал мен әуежайдан тоғызда шықтым. Көші-қонды бақылау күшейтілгенін түсінемін, бірақ мұндай қорлауды әлемнің ешбір бөлігінде көрген жоқпын. Еуропаның түрлі елдерінде болғам", – деді ол.

Сухробтың айтуынша, ксенофобия Ресейде барлық уақытта болған. Тек бұрын ақпарат құралдарында ол жайында аз айтқан. Ал қазір оны жасыру мүмкін емес.

"Мәскеуде лифтіге кірмек болғаным үшін "сауатсыз ч*рка" деп нұсқады"

Тағы бір оқырманымыз Владимир Ташкентте, Өзбекстанда туған. Оның анасы – жартылай корей, әкесі – корей ұлтының өкілі. Әкесі Оңтүстік Кореяға нәпақа табуға жиі барып тұрған. Көп ұзамай ажырасып, анасы сол кезде Ташкентте тұрған орыспен танысып, соған тұрмысқа шыққан.

Өгей әкесі Өзбекстанда жұмысынан айырылғаннан кейін 2011 жылы отбасымен бірге Ресейге қоныс аударған. Владимир ол кезде 17 жаста болған.

"Өзбекстанда нәсілшілдікпен мектепте ғана кездестім, себебі орыс мектебіне барып, орыс ауданында тұрғанмын. Бірақ ондай жайттар сирек болатын", – деп еске алады ол.

Владимир Ресейге барғысы келмеген: "Орыс маршы" және жалпы көңіл-күй нашар кезде жағдай ушығуы мүмкін екенін түсінген. Оның үстіне, кәмелет жасына жету үшін бір-ақ жыл қалған. Бірақ ата-анасын көндіре алмапты. Осылайша Владимир әуелі Мәскеуде біраз уақыт тұрған. Кейін отбасы Мордовия республикасына – өгей әкесінің туыстары тұратын Краснослободскіге көшкен.

"Біз автобуспен келе жатырмыз, айнала – тас қараңғы. Біраз уақыттан кейін өгей әкем "жиналыңдар, қала орталығына келіп қалдық" деді. Айналама қараймын: құдды далада келе жатқан сияқтымыз. Айнала тас қараңғы, жылт еткен нәрсе жоқ", – деді Владимир.

Бірақ нағыз "есеңгірейтін" сәт алда еді. Өгей әкесінің алыс туыстары оларды: "Сәлем! Орыс әйел таппадың ба, не?" деп қарсы алыпты. "Бұл қарапайым ауыл адамдары еді", дейді Владимир.

Өгей әкесінің туыстары Владимир мен ата-анасын, інісін апасымен бірге бір бөлмеге жайғастырған. Үйдегі әжетхана ас үйдің дәл жанында еді.

"Мұндай кедейлікті тіпті Өзбектанның өзінде көрмеген едік. Әдетте "сіздер Өзбекстаннан келдіңіздер ғой, бұл жер сіздерге ұнауы керек" деуші еді ғой. Бірақ менің ойымша, ондағы адамдардың үйлері әлдеқайда тәуір", – деді ол.

Краснослободскіде туыстары да жақтырмай қарай бастаған. Владимирдің өтінішіне қарамастан, анасын сол күйі "кәріс" деп атап кеткен.

Ақыры отбасы Мәскеуге оралып, кейін Хакасияға – Абаканға, одан кейін Минусинскіге көшіп барған. Бірақ ол жақта да жағдай оңалмаған. Оларды қарсы алуға келген өгей әкесінің бауыры тіпті көліктен шықпаған да. Көлікте бәріне бірдей орын жетпейтіні белгілі болған кезде өгей әкесін ғана жеткізуді ұсынған.

Минусинскіде отбасы ұзақ уақыт пәтер таба алмай қиналыпты – пәтер иелері оларға ұлтына бола жалға баспана беруден бас тартқан. Ақыры нашар пәтерді жалға алуға тура келген. Колледжге Владимирді қабылдамай қойған, ал мектепте 11-сыныптың орнына 10-сыныпқа алған.

Ата-анасы ұзақ уақыт жұмыс таба алмай, Владимир оларға қолғабыс етуіне тура келген. Анасы оны заңсыз түрде базарға жүк тасушы ретінде кіргізіп қойған. Бірақ көп ұзамай базар әйелдері полиция шақырған.

Мектеп бітіретін жылы Владимир анасымен бірге Ресей төлқұжатын алған. Бұдан соң олар Новосибирскіге қоныс аударады. Ол жақта да ксенофобияға тап болған: мемлекеттік мекемелерде онымен дөрекі сөйлеседі, ал көшеде оған "Аллаху акбар!" деп айқайлайды, полицейлер оны еш себепсіз тоқтата береді, ал дәрігерлер дұрыс қарамайды.

Кейін Владимир біраз уақыт Оңтүстік Кореяға кетеді. Ол жақта корпоратив кезінде харассментке тап болған әріптесін қорғамақ болғаннан кейін оны депортациялаған.

Осылайша ол қайтадан Новосибирскіге оралған. IT саласына жұмысқа тұрып, ер адаммен ашық кездесе бастайды. Сол кезде ксенофобияға гомофобия қосылады. Бірде Петербургке саяхаттап бара жатқан кезде бір жас жігіт оларды айқайлап балағаттап, бұрыш баллонын көрсетіп, қоқан-лоқы жасаған.

2021 жылы олар ел астанасы Мәскеуде жағдай оңайырақ болады деген үмітпен сол жаққа көшіп барған. Алайда ол жақта да агрессияға тап болған.

"ЦСКА метро станциясында лифтіге кірген кезде лифтіде тұрғандардың бәрі назар аударып, жақтырмай "сауатсыз ч*рка" деді. Ол жерде орын көп болса да, оларға орын жетпейтіндей көрінген. Бір әже фашистік сарындағы сөздер айта бастады: "иә, иә, полицияны шақыра бер, сауатсыз ч*рка". Олар сені қамайды, түрмеде өмір сүресің. Сендейлердің орны – түрме" деді. Сол кезде менің күйеуім алғаш рет маған қатысты айтылған дөрекілікке куә болды. Оған дейін мені жақтырмайтын кездерді көрген. Ал нақты жағдайда ашық агрессияға куә болдық және бір адам емес, бірнеше егде адамнан", – деді ол.

Соғыс басталғаннан кейін ол күйеуімен бірге Ресейден кеткен. Олар ресми түрде некеге тұрған жоқ, бірақ 2022 жылы шілдеде ұсыныс жасалғалы бері бір-бірін күйеуім деп атайды.

Олар Армения, Сербия, Таиландта тұрды, қазір Германияда тұрақтап қалған. Бірақ Владимирдің сөзінше, ол кейде дискриминацияға тап болады – бұл жолы эмиграцияда жүрген ресейліктер тарапынан қысастық көреді.

"Осындай жайттарды үнсіздік қалыпқа айналдырады. Ал ол қалып соғысқа әкелді"

Оқырманымыз Ирина – әкесі украин – өз тегіне бола дискриминацияға ұшыраған. Анасы Белгород облысында туғанымен, өмір бойы Харьковте тұрған, Иринаның әкесімен сол жақта танысқан.

"Әкем Батыс Украинадан. Қоңыр көзді, қара торы, қара шашты жігіт еді. Оның сол кезде сәнге айналған мұрты да болған. Осындай адамға қалай ғашық болмайсың?", – дейді ол.

Ол көзі мен терісінің түсі жағынан әкесіне тартып кеткенін айтады. Сол үшін де бала кезде Ресейдегі ауылда тұратын апасына барған кезде оған кемсітетін түрлі сөздер айтып, ренжіткен.

"Қатаң дискриминация болды деп айта алмаймын, бірақ үнемі "жиды", "жидовня", "хохлы", "бендер" тақылеттес сөздерді жиі еститінмін. Құдды қалжың сияқты қылып айтады, бірақ шын мәнінде түк те күлкілі емес. Анамды ауылда "хохолдың әйелі" дейтін. Ал мені "сыған", "бендерші", "анчутка" деп атайтын. Аса ауыр зілмен айтпайды, бірақ сонда да біртүрлі еді", – деді Ирина.

Оның сөзінше, мұндай риторика олардың отбасына ғана емес, түрі "ерекше" адамдардың барлығына қарата айтылатын. Кешке жақын шалдар жиналып алып: "үкімет – қоқсық", "барлығын тонады", "хохолдар – сараң", "бендершілердің бәрін өлтіру керек" дейтін. Бұл 1980-жылдардың аяғы – 1990-жылдардың басы болатын.

"Жұрт осы бір реніш сөздерінің ар жағында не тұрғанына бас қатырмайтын", – деді Ирина.

"1990-жылдары ауылда әкеме барлығы жүгінетін – бірі көлік жөндетуге, бірі соқасын қайрауға келетін. Сонда да "бендерші" дегенін қоймады. Құдды аты солай сияқты. Оның ар жағында не тұрғанына бас қатырмайтын".

Иринанын сөзінше, оны мұндай жайт сол кезде таңғалдырғанмен, ол бұған қалай жауап берерін білмейтін. Анасы ашық түрде жанжалдаспайтын, ал әкесі ойға шомып, күрсініп қоятын.

Кейін олар ауылға баруды доғарды – онымен бірге жайсыздықтар да жоғалды. Иринаның сөзінше, бірақ украиндарға қатысты дискриминация орташа білімді адамдар арасында да кездескен.

Бір күні ол петербургтік суретшілермен бірге отырып қалған. Олар Украинаны "бендершілер ордасы" деп қабылдайды екен.

"Мені таңғалдырған нәрсе – олар үшін Украина алыста жатқан белгісіз нәрсе сияқты. Олар "аталарының ерлігі" туралы әңгімелеп, "ұлы Ресей бір күні олардың көзін құртады" деп жатты. Арасында біреуі екіншісінен "ал сенің әкең орыс емес пе?" деп сұрайды. Бұл агрессия емес, бірақ факт. Ол суретшілермен кейін араласпайтын болдым", – деді ол.

"Менің сөздерім – айыптау да емес, шағым да емес, жеке өз басымнан өткен жайт. Ресейдің шалғай ауылдарында, тек ол емес – тіпті ірі қалаларында да – жұрт өзге ұлт, дін, мәдениетке қарсы пропагандаға сылқия тойып алғаны соншалық – неше түрлі сөз айтып жатады. "Черножопые", "китаезы", "чурбаны", "чурки", "жиды", "раклы", "бендеры", "хохлы", "чурка нерусская", "пиндосы" (орысша - ред.) деген сөздер қолданады. Және олардың ойынша, өзге елдердің бәрі "Ресейден бірдеңе алғысы келеді". Неге осындай құрметсіздік – әлі күнге дейін түсінбеймін. Сол адамдардың көбі сол америкалықтарды да, қытайларды немесе украиндарды талай кездестірді емес пе. Бірақ міндетті түрде тілдейді. Мен бұл нәрсені айыптау үшін айтып отырған жоқпын, себебі үнсіздік осындай жайттарды қалыпты нәрсеге айналдырды. Сол "қалыпты нәрсе" ақыры соғысқа әкелді", – деді ол.

Соғыс пен ксенофобияның өршуі

"Мемориал" дискриминацияға қарсы орталығының сарапшысы Ольга Абраменконың сөзінше, Ресейде ксенофобияның өршуі – соғыс пен жалпы саяси көңіл-күйдің тіке салдары.

"Орыс халқының "ұлылығы", "ерекшелігі" және "Ресейдің ерекше жолы" туралы ұзақ уақыт бойы жалғасып, күшейіп келе жатқан пропаганда тұсында путиндік режим соғыс бастады", – деді Ольга.

Оның сөзінше, осы нарративтің өзі ксенофобиялық риторикалармен суарылып, тұрақты түрде тамыр жайып жатыр. Мигранттар туралы жоғары лауазымды шенеуніктер жиі мәлімдеме жасап, ізінше мигранттарға қарсы заңдар, рейдтер мен депортациялар болып жатыр.

2024 жылы билік сот шешімінсіз мигранттарды елден шығаруға рұқсат етіп, полиция өкілетін кеңейтті. Сол кезде мерзімі өткен құжаттармен жүрген мигранттардың деректер қоры жасалып, "бақылаудағы тұлғалар реестрі" пайда болды. 2025 жылы ақпаннан бастап техникалық ақауға байланысты Ресейде заңды жүрген жүздеген адам жүйеде бұғатталып, банк шоттарын қолдана алмай қалды.

Жаңа ережелер мигранттардың балаларына да теріс әсер етті. Енді мектепке қабылдануы үшін балалар орыс тілін меңгергенін дәлелдеуі шарт. Қағаз жүзінде қалыпты талап сияқты көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзінде ол Орталық Азиядан барған мигранттардың балаларын мектептен жүйелі түрде шеттетеді.

Көбіне емтихан тапсыруға мүмкіндік берілмейді. 2025 жылы мамырда балалардың 19 пайызы ғана сынаққа кіре алған. Қалған 81 пайызының – құжаттары толық емес немесе мектепте орын жоқ деген желеумен өтініші қабылданбаған.

Ресейдің кейбір аймақтарында жергілікті билік мигранттарға сауда, білім, көлік, мәдениет салаларында жұмыс істеуге ресми түрде тыйым салды. Бір мезетте жаппай рейдтер жүріп жатыр. Мигранттарға қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасаспаса, депортациялаймыз деп қорқытады.

Ольга Абраменконың сөзінше, Ресейде ксенофобия бұрын да болғанымен, қазір ол жаңа сипат алған.

"Қоғамдық кеңістіктерде артқанын сезіп отырмыз, "Сова" орталығының сарапшылары да өсімді тіркеп отыр. Олардың жыл сайынғы есептері сан жағынан 2010 жылға оралғандығымызды көрсетеді, ол кезде жеккөрушілік сипаттағы қылмыс шырқау шегіне жеткен. Бірақ ол кезде белсенділікті бәсеңдетті, оңшыл-радикал қозғалыстарды да бәсеңдетті. Содан кейін шынымен де бәсеңдеген еді", – деді ол.

"Сова" орталығының мәліметінше, 2025 жылы Ресейде жеккөру сипатындағы 145 қылмыс тіркелген, үшеуінде – адам өлімі болған.

Nazi Video Monitoring Project жобасының мәліметінше, 2025 жылы қаңтар мен мамыр аралығында елде нәсілшілдік салдарынан 236 адамға шабуылдаған. 177 рет мүлікке шабуыл жасалған.

Ресейде ксенофобиялық көңіл-күй артқанын Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы да айтып отыр. Құқық қорғаушылар мұны 2024 жылғы 22 наурызда "Крокус сити холлда" болған терактімен байланыстырады. Ақпаратқа қарағанда, Ресейде Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстаннан барған азаматтарға қысым үдеген.

Ресейде мигрантарды полиция мен жеке тұлғалардың, арасында әсіреоңшыл ұлтшылдар да бар, негізсіз ұстап, қудалауы жиіледі, деп жазды Human Rights Watch.

Сондай топтардың бірі – мигранттарға қарсы рейдтерге белсене қатысып жүрген "Орыс қауымы" ұйымы. Ольга Абраменконың сөзінше, олар күштік құрылым өкілдерімен бірлесе қимылдайды.

"Оларды мигранттарға қарсы рейдтерге шақырғанына жиі куә боламыз. Олар арнайы жасақ, полиция немесе көші-қон қызметімен қатар қатысады. Олар өз бетінше де қимылдайды. Ақпарат құралдарының жазуынша, "Орыс қауымы" өкілдері өз бетінше кейде славян емес адамдарды ұстайды", – деді ол.

"Медуза" тілшілерінің жазуынша, бұл топ күштік құрылым өкілдерінің тапсырмасымен де қимылдайды. ФСБ-ға жақын дереккөздер "Орыс қауымы" арнайы қызметтің тапсырмаларын орындайтынын растады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Бес сағат бойы ұрып-соқты, қорлады". Мәскеу моншасындағы оқиға: қырғыз азаматының көргені"Үйіме қайтқым келеді..." Орталық Азия ұлты өкіліне жататын 50-ден аса адам Украинада соғыс тұтқыны болып отырГенералдың өмірін қиған қастандықтан соң Ресейдегі Орталық Азия мигранттары үрейде отыр"Қиындап кетті". Орталық Азия мигранттарын Ресейге барудан тежейтін үрей мен белгісіздікРесей түрмедегі орталықазиялық мигранттарды Украинадағы соғысқа мәжбүрлеп салып жатыр