"НеМолчиKZ" жетекшісі Динара Смайыловаға Черногорияда саяси баспана берілді

Динара Смайылова, Черногория, 17 сәуір, 2025 жыл.

Қазақстандық белсенді, "НеМолчиKZ" қоғамдық қорының жетекшісі Динара Смайылова (Дина Таңсәрі) және оның жолдасы Алмат Мұхамеджановқа Черногорияда саяси баспана берілді. Бұл жөнінде оның атынан сотқа қайырылған "Азаматтық альянс" ұйымы хабарлады.

Ұйым таратқан хабарламада "Ұзақ та күрделі рәсім аяқталды, енді Динара Смайылова мен Алмат Мұхамеджанов Черногорияда қауіпсіз ортада өмір сүре алады" делінген.

"НеМолчиKZ" — тұрмыстық және сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесумен айналысатын үкіметтік емес ұйым. Ерлі-зайыптылар Черногориядан саяси баспана беру туралы өтінішті екі жыл бұрын берген.

Биыл 14 сәуірде Астананың сұрауы бойынша Смайылова Черногорияда ұсталған. Қазақстанда оның үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалып, оған іздеу жарияланған. Ертеңінде Подгорица қаласындағы сот Смайылованың паспортын алып қалып, өзін бостандыққа жіберген. Қазақстандық Смайылованың адвокаты Далибор Томович оны экстрадициялау туралы өтінішті қарау тоқтатылғанын, өйткені Черногория билігі Смайылованың саяси баспана беру туралы өтінішін қарап жатқанын хабарлады.

Қазақстан Бас прокуратурасының мәлімдеуінше, Динара Смайылованың үстінен "көрінеу жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұқпау ережесін бұзу, алаяқтық" баптары бойынша 6 қылмыстық іс қозғалған. Оған "НеМолчиKZ" қоры арқылы заңсыз ақша жинап, бұл қаржыны жеке мақсатына жұмсады деген айып тағылған.

Смайылова бұл айыптарға келіспейді. Мамыр айында Азаттыққа берген сұхбатында ол бұл істер ойдан құрастырылған деген.

Дина Таңсәрі деген атпен көбірек танылған Динара Смайылова Қазақстаннан 2021 жылы кеткен. Ол екі жылдай Грузияда тұрған, алайда қысқа уақытқа сыртқа шыққан оны сол елдің шекара қызметі қайта кіргізуден бас тартқан. Оның айтуынша, Грузияның мұндай шешім қабылдауына Қазақстан билігі ықпал еткен, себебі "НеМолчиKZ" қоры елдегі зорлық-зомбылықтың ауқымын көрсетіп, полицияның қауқарсыздығын әшкерелейді. Ол 2023 жылдан бері Черногорияда тұрады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "НеМолчи" жетекшісі неге босқын болғысы келеді? | Дина Смайыловамен сұхбат