"Хочу жить" жобасы: 2025 жылы 500-ден астам қазақстандық Ресей қарулы күштерімен келісімшарт жасасқан

Қазақстанның Украинадағы консул Бауыржан Бегалимов соғыста Ресей әскері жағында соғысып жүрген қазақстандықтардың тізімі жарияланғаннан кейін Украинаның әскери тұтқынмен қарым-қатынас штабының өкілдерімен кездескен сәті. Сәуір 2025 жыл. "Хочу жить" жобасының суреті.

Украиналық «Хочу жить» қоры 2025 жылдың алғашқы алты айында кемінде 529 қазақстандық Украинадағы соғысқа қатысу үшін Ресей қарулы күштерімен келісімшарт жасасқанын хабарлады.

Ұйым өздерінің телеграм-арнасында олардың тізімін де жариялады. Тізімде азаматтардың аты-жөні, туған жылы, жетон нөмірі, Ресей қарулы күштерімен келісімшартқа қол қою күні де жазылған.

Осы көктемде ұйым Украинада Ресей әскері жағында соғысып жатқан 661 қазақстандықтың тізімін жариялаған еді.Ұйымның хабарлауынша, осы тізімге орай Қазақстанның Украинадағы консулы Бауыржан Бегалимов Украинаның әскери тұтқындармен қарым-қатынас мәселелері жөніндегі штаб өкілдерімен кездескен. Кездесу барысында дипломат украин жағына Қазақстанда ақпараттық-түсіндіру шаралары күшейгенін, әрбір жағдай бойынша тергеу басталғанын хабарлаған.

Бұған дейін Қазақстан ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха журналистерге "Хочу жить" жобасы жариялаған тізімді әуелі "тексеру қажеттігін" айтқан еді.

Кейбір ақпарат құралдары бұған дейін Ресей әскерінде соғысып жүрген қазақстандықтар туралы жазған. Тізімде олардың аты-жөндері де бар және ондағы деректер бір-бірімен сәйкес келеді.

Осыған дейін Азаттық Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне "Ресей үкіметі "арнайы әскери операция" деп атайтын соғыс басталғалы бері қанша қазақстандық Украинадағы майданның алғы шебіне жіберілді? Ресей жағында және Украина жағында қанша қазақстандық соғысып жүр?" деген сауал жолдаған. Министрліктен жауап болмады.

Әзірге жаңа тізімге қатысты Қазақстан билігі реакция білдірмеді.

Қазақстанда шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматты қылмыстық жауапқа тарту 2014 жылы Украинаның Донецк және Луганск облыстарында соғыс басталғаннан кейін енгізілген. Қазақстан заңы бойынша, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу, жалдамалы әскер қатарына қосылу, ондай топтарға адам жинау, материалдық көмек беру және оларды оқыту қылмыс болып есептеледі. Ондай қылмыс жасаған адам 12 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді. Ал егер жағдайын ауырлататын себептер болса, ол адам азаматтығынан айырылып, өмір бойына түрмеге қамалуы мүмкін.