"Ақтөбе" футбол клубы конференция лигасында прагалық "Спартаны" жеңді

"Ақтөбе" футболшылары "Спартаға" салынған голға қуанып тұр. 24 шілде 2025 жыл. "Ақтобе" футбол клубының суреті.

"Ақтөбе" футбол клубы 24 шілдеде конференция лигасының екінші квалификациялық кезеңінің алғашқы матчында прагалық "Спартаны" ұтты. Ойын Ақтөбедегі Қобыланды батыр стадионында өтті.

Қазақстандық команда 29-минутта гол соғып, алғашқы таймда алаң иелері басымдыққа ие болды. Гол иесі – Даниэль Соса.

Екінші таймда "Спарта" футболшылары шабуылды үдеткенмен 84-минутта "Ақтөбе" шабуылшысы Оралхан Өміртаев қарсылас жаққа гол соқты. Есеп - 2:0 болды.

Матчтың соңғы минуттарында судья "Спартаға" пенальти тебуіне мүмкіндік берді, бұған жанкүйерлер наразы болды. Велко Бирманчевич 11 метр қашықтықтан гол соғып, есепті 2:1 қылды.

Осылайша матч 2:1 есебімен аяқталып, "Ақтөбе" жеңді. Спорт сарапшылары мұны сенсациялық жеңіс деп атап жатыр, себебі прагалық "Спарта" - Чехияның ең белді клубы және Еуропаның ең үздік 80 клубтарының қатарына кіретін тәжірибелі командаларының бірі.

Конференция лигасының келесі кезеңіне өтуге талас 31 шілдеде Прагада өтеді.