Дүйсенбіде Нью-Йорктің Манхэттен ауданында қаруланған азамат орталықтағы кеңсе ғимаратында жосықсыз оқ атып, төрт адамды мерт қылды. Жапа шеккен бесінші адам ауыр хәлде жатыр. Оқ атқан адам кейінірек өзіне қол жұмсаған.
Оқиға кешкі 6 шамасында, кеңседе жүріс-тұрыс күшейген тұста болған. АҚШ Ұлттық футбол лигасының штаб-пәтері мен Blackstone Group қаржы компаниясы орналасқан ғимаратта атыс болып жатқаны белгілі болған соң, бірнеше көшеде қимыл-қозғалыс тоқтаған. Ғимаратқа кіріп-шығатын есікті бір сағаттан астам уақытқа бұғатталып, полицейлер оқ атушы іздеп жатқан тұста қызметкерлер өз кабинеттеріне тығылған.
Бірнеше сағаттан соң, Нью-Йорк полициясының басшысы Джессика Тиш баспасөз мәслихатын өткізіп, оқ атқан адамның аты-жөні Шейн Девон Тамура екенін айтты. Оның сөзінше, Тамура Невада штатынан өз көлігімен келіп, көлігін Парк-авенюдегі ғимараттың тұрағына қойған да, ғимараттың вестибюлінде жартылай автоматты винтовкадан ескертусіз оқ атқан. Ол ең әуелі ғимарат күзетінде істеген полицей мен екі адамды атып өлтіріп, кейін лифтімен ғимарат иесінің басшысы отыратын 33-қабатқа көтерілген де, дәлізде жүріп жосықсыз оқ жаудырған. Салдарынан бір әйел мерт болған. Полиция келгенше Тамура өзін өзі атып өлтірген.
Оның бұл қадамға не себепті барғаны белгісіз. Джессика Тиштің айтуынша, ол бұл істі бір өзі жасаған. Оның көлігінен оқтаулы алтыатар және оқтар табылған. Тамураның психикалық ауруы бар деген ақпарат тарап отыр.
Қаза тапқан полицей – 36 жастағы Дидарул Ислам. Артында екі ұлы және жүкті әйелі қалды.