Теңге тағы әлсіреді, Астанада доллар 547 теңгеден сатылып жатыр

Алматыдағы ақша айырбастайтын орындардың бірінің алдынан өтіп бара жатқан адам. 24 шілде, 2025 жыл. Бұл күні Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда қорытындысында 1 АҚШ долларының ресми бағамы 541,93 теңгеге тең болды.

Қазақстан қор биржасында (KASE) 25 шілдеде сағат 11:00-де доллардың орташа бағамы 545,22 теңге болды.

Kurs.kz сайтындағы мәлімет бойынша, 25 шілдеде түскі сағат 13 шамасында Алматыда доллар – 545 теңге, Астанада – 547 теңге, Шымкентте – 546 теңгеден сатылған.

Ұлттық банктің ресми бағамына сай, 1 доллар 541.93 теңгеге тең.

Кейінгі күндері доллар қымбаттап жатыр. Өткен аптада Ұлттық банк теңгенің күрт әлсіреуін маусымдық факторлармен байланыстырған: импорттық операциялардың артуы, бюджет қаржысын белсене игеру, туристердің көбеюі, квазимемлекеттік сектор тарапынан ұсыныстың азаюы.