Қазақстандық оқушы NYT жариялаған эссе байқауы жеңімпаздарының бірі атанды

Партада отырған оқушылар. Көрнекі сурет.

Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектептің оқушысы Фариза Фазыл америкалық The New York Times басылымы жариялаған Open Letter Contest эссе байқауында 10 жеңімпаздың бірі атанды. Оқушы қыз балаға ат қою дәстүрімен байланысты тақырыпты таңдаған.

Фариза эссесін "Ұлтуған" есімді қыздарға қарата жазып, дәстүрлі қазақ қоғамында ұл баланы зарыға күткен отбасында дүниеге келіп, "ұл" деген сөзі бар есімдерге ие болған қыз балалар сезінуі мүмкін толғаныстарды ортаға салады.

"Олар сені солай атады. Сені алғаш құшақтаған кезде соны аңсады. Сені емес. Басқаны. Және бәрібір сен қалдың. Сен олардың көңілін қалдырған ауыртпалықты үнсіз мейіріммен көтеруді үйрендің...", – деп жазылған эсседе.

Batyrjamal Instagram-парақшасы оқушы қыздың аталған тақырып туралы пікірін жариялаған.

"Айналамнан есімдер туралы түрлі оқиғаларды естігенмін, сонымен бірге Бауыржан Момышұлының әжесінің де аты Қызтумас болған. Яғни, осы есім арқылы отбасында қыз емес, ұл маңызды дегенді көрсеткісі келген. Егер менде сондай ат болса, оны ауыстырғым келетінін ұқтым. Жалпы алғанда осының бәрі маған қорытынды тақырыпты таңдауға итермеледі және ылғи сол жөнінде ойлап жүретінмін", – деді Фариза Фазыл.

Астаналық оқушы қыз эссе жазу кезінде түрлі эмоцияны бастан кешкенін айтты. Жағдайды өзгерте алмайтындығы есіне түскенде қапаланғанын да жеткізді.

Қазақстан қоғамында кейінгі кезде ұлды ұлықтап, қызды кемсітетін есімдер мен ұл баланы қыздан артық көру мінезі жиі сынға алына бастады. Бұл әсіресе, әйел құқығы, феминистік тақырып қозғалатын жиын мен шараларда жиі айтылып жүр.

NYT-тің жазуынша, биыл байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 10 мыңға жуық эссе келген. Ең үздік танылған 10 шығарма басылымда жарияланады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ұлдархан мен Ұлтулар аттарына әрқилы қарайды